Жетісайда мақта терімі қарқын алды: өнім көлемі 106 мың тоннадан асты

Жетісайда мақта терімі қарқын алды: өнім көлемі 106 мың тоннадан асты

Түркістан облысының Жетісай ауданында мақта теру науқаны қызу жүріп жатыр. Агросектор экономикасының басты бағыты саналатын ауданда диқандар көктемнен бері егістік алқабында тынымсыз еңбек етіп, «ақ алтынды» күтіп-баптаудың нәтижесінде мол өнім алуға қол жеткізуде. Биылғы маусымда аудан шаруалары егістік науқанының әр күнін тиімді пайдаланып, жоғары нәтижелерге қол созып отыр.

Аудан әкімі Серік Мамытов мақта алқаптарын аралап, терім жұмыстарының барысын бақылап, диқандармен тілдесті. Әкім далада маңдай терін төгіп жатқан шаруаларға алғыс айтып, техникалық қамтамасыз ету, ағын су жеткізу және жанар-жағармаймен қамту мәселелерін жіті назарда ұстауды тапсырды.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Жетісайда жалпы 79,3 мың гектар суармалы жердің 43,1 мың гектарына мақта егілген. Оның ішінде 41,9 мың гектардан 106 525 тонна өнім жиналған. Мақта теріміне 715 трактор, 897 тіркеме, 61 ОВХ және 239 мақта терім машинасы тартылған. Бұл техника диқандардың еңбегін жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр.

Жетісайлық шаруалар өткен жылы 41 мың гектардан 112 750 тонна мақта жинап, жоғары көрсеткішке қол жеткізген еді. Биылғы жоспар бұдан да биік — 119,3 мың тонна өнім алу көзделген. Бұл мақсатқа жету үшін су үнемдеудің заманауи әдістері кеңінен қолданылып келеді. Атап айтқанда, өнімділікті арттырып, ағын суды үнемдеуге бағытталған тамшылатып суғару технологиясы биыл аудан бойынша 5646 гектар жерге енгізілсе, соның 2600 гектары мақта алқаптарына тиесілі.

Күзгі дала жұмыстарының табысты жүруі үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген жанар-жағармай бөлу де маңызды. Аудан шаруаларына 1933,8 тонна көлемінде жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, өтінімдер 100 пайызға орындалған. Бұл шаруалардың шығынын азайтып, терім жұмыстарын кедергісіз жүргізуге жағдай жасап отыр.

Ауыл шаруашылығындағы жетістіктер тек мақтамен шектелмейді. Шаруалар басқа да дақыл түрлерін кең көлемде өсіріп, мол өнім алған. Атап айтқанда, биыл 17 мың гектарға бақша дақылдары, 3,3 мың гектарға көкөніс, 8,7 мың гектарға дәнді дақылдар, 6,7 мың гектарға мал азығы және 261 гектарға картоп егілген. Осы алқаптардан алынған өнім көлемі де ауқымды: 452,4 мың тонна бақша, 88,2 мың тонна көкөніс және 250 мың тонна мал азығы жиналды.

Мақта өндірісі – Жетісай үшін экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік маңызы жағынан да аса маңызды сала. Бұл бағытта ауданның тәжірибесі мен өндірістік әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Озық технологияларды енгізу, тұқым сапасын жақсарту, заманауи техникаларды қолдану – мұның барлығы өнімділікті арттырып, диқандардың табысын көбейтуге бағытталған.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шаралары мен шаруалардың қажырлы еңбегі нәтижесінде Жетісай ауданы мақта өндірісінің көшбасшысы мәртебесін сақтап келеді. Жиын-терім науқаны әлі жалғасуда, алдағы уақытта бұл көрсеткіштердің еселенетініне сенім мол. Мақта терімі толық аяқталған соң, аудан бойынша нақты қорытындылар жасалып, жалпы түсім мен табыс көлемі есептелетін болады.

Жетісайлық диқандардың тынымсыз еңбегі мен жергілікті биліктің қолдауы нәтижесінде биылғы маусымда да егіс алқаптарынан мол өнім жиналып, ауыл шаруашылығы саласы дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...