Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті арттыру және тазалықты сақтау мақсатында ұйымдастырылған жалпы қалалық сенбілік аясында Тұран ауданында кең ауқымды жұмыстар атқарылды. Аудан әкім аппаратының үйлестіруімен өткен бұл шара тұрғындардың белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті.
Сенбілікке Тұран ауданы әкім аппараты тарапынан 480 қызметкер мен 26 техника жұмылдырылды. Бір күн ішінде аудан аумағынан 12 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар сенбілікке 4456 тұрғын қатысып, өз аулалары мен көшелерін тазалауға атсалысты. Мазарат аумақтарында да тазалық жұмыстары жүргізіліп, бұл бағытта 300-ге жуық адам еңбек етті.
Қаладағы түрлі басқармалар мен мекемелер де сенбілікке белсене қатысты. Дене шынықтыру және спорт басқармасынан 52 қызметкер мен 2 техника, денсаулық сақтау басқармасынан 55 қызметкер мен 2 техника, мемлекеттік сатып алу басқармасынан 48 қызметкер мен 1 техника, цифрландыру басқармасынан 40 қызметкер мен 1 техника, ал жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасынан 35 қызметкер мен 2 техника жұмылдырылды. Бұған қоса, «QazaqGaz Aimaq» ШӨФ-нен 40 қызметкер мен 1 техника, Тұран электр тарату бөлімінен 20 қызметкер мен 2 техника, Тұран аудандық полиция бөлімінен 100 қызметкер мен 3 техника тартылды.
Сенбілікке әлеуметтік нысандардан да 4685 қызметкер мен 5 техника қатысты. Мектептер, балабақшалар мен денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері өз аумақтарын тазалап, жалпы 6 тонна қоқыс шығарды. Ал кәсіпкерлік нысандардан 890 қызметкер мен 4 техника қатысып, 7 тонна қалдық жинады.
Жалпы Тұран ауданы бойынша 10 901 адам мен 49 техника қатысқан сенбілік нәтижесінде барлығы 33 тонна қоқыс шығарылды. Бұл көрсеткіш аудан тұрғындарының тазалыққа деген жауапкершілігін және экологиялық мәдениетінің артып келе жатқанын айғақтайды.
Атқарылған жұмыстардың ауқымы кең болды: қураған ағаштар мен бұтақтарды кесу, шөп шабу, орындықтар мен қоршауларды сырлау, жол жиектерін тазалау және арық жүйелерін қалпына келтіру сияқты бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Сонымен қатар қоғамдық орындар мен демалыс аймақтары абаттандырылып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастырылды.
Тұран ауданы әкімдігі бұл бастаманың экологиялық мәдениетті қалыптастыруда және тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымын арттыруда ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Сенбілік барысында аудан тұрғындары табиғатты аялау мен қоршаған ортаны таза ұстаудың ортақ міндет екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Аудан басшылығы барлық қатысушыларға ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да мұндай экологиялық шаралардың тұрақты түрде жалғасатынын айтты. Тұран ауданында өткен бұл сенбілік бірлік пен жауапкершіліктің нақты үлгісі болды және «таза қала — ортақ игілік» деген ұстанымды айқын көрсетті.

