Түркістан облысында интеграцияланған экожүйелік өндірістік парк құру көзделуде

Түркістан облысында интеграцияланған экожүйелік өндірістік парк құру көзделуде

Түркістан облысы — еліміздің ең серпінді дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Оның географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы, аграрлық және индустриялық әлеуеті, сондай-ақ көлік-логистикалық мүмкіндіктері бұл өңірді халықаралық және отандық инвесторлар үшін тартымды етіп отыр. Әсіресе «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Түркістан арқылы өтуі, Еуразиялық Экономикалық Одақ елдеріне кедергісіз шығу мүмкіндігі өңірдің стратегиялық маңызын арттыра түсуде.

Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен кездесіп, интеграцияланған экожүйелік өндірістік парк құру туралы бастаманы жан-жақты талқылады. Бұл кездесу жаңа өндірістік жобаларды іске асыруға серпін беріп, өңірдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосады деп күтілуде.

Кездесу барысында өңір басшысы Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті мен қолайлы мүмкіндіктері туралы баяндап, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Әкімнің айтуынша, Қазақстан мақта талшығының ірі экспорттаушысы болса да, дайын өнімдер бойынша импортқа тәуелді. Бұл жағдайды өзгерту үшін өңірде жіп, мата және киім-кешек өндірісін жолға қою қажеттігі туындап отыр.

Түркістан облысы – мақта шаруашылығы бойынша көшбасшы өңір. Биылғы жылы өңірде мақта алқаптары 38 мың гектарға артып, жалпы 144,5 мың гектарға жетті. Шамамен 470 мың тонна шитті мақта жиналады деп күтілуде. Сонымен қатар 50 мың гектар алқапта жаңа технологиялар қолданылып жатыр. Бұл – жергілікті шикізат базасы дайын деген сөз. Облыста бүгінде 25 мақта өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Осындай мүмкіндіктерді ескере отырып, экожүйелік өндірістік парк құру – экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да тиімді қадам болмақ.

Жоспарланған экожүйелік парк аясында мата және дайын өнім өндірісін ғана емес, сонымен қатар цифрлық логистика, қойма, сауда-көрме және сервис орталықтарын да салу көзделіп отыр. Бұл — шикізаттан бастап дайын өнім мен оның сатылымына дейінгі барлық тізбекті қамтитын тұтас индустриялық платформа. Инвесторлар осы жоба арқылы электрондық сауданы дамыту, аймақтық нарықтарға өнімді шығару, сондай-ақ мамандарды даярлау ісіне де үлес қоспақ.

Бұл жоба толық іске қосылған жағдайда 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл — Түркістан облысының тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік қолдау әрі еңбекпен қамтудың нақты көрінісі. Сонымен қатар өңірлік жалпы өнім көлемі де артып, бюджет кірісі едәуір көбеймек.

Өңірде инвесторларға барлық жағдай қарастырылған. Атап айтқанда, «Turan» арнайы экономикалық аймағында салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады. Мұнда инфрақұрылым толықтай дайындалған. Индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер де инвесторлар үшін қолжетімді. Мұндай жүйелі қолдау тетіктері шетелдік және отандық кәсіпкерлердің сенімін арттыруда.

Жобаның тағы бір ерекшелігі — оны жүзеге асыру арқылы Түркістан облысы Орталық Азиядағы тоқыма кластерінің орталығына айналуы мүмкін. Бұл дегеніміз, өңірдің экономикалық бейнесі өзгеріп, тек аграрлық бағытпен шектелмей, өндірістік-индустриалды орталық ретінде де танылуына жол ашылады.

Қорыта айтқанда, Түркістан облысында іске асырылуы жоспарланған интеграцияланған экожүйелік өндірістік парк – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды жоба. Бұл бастама тек экономикалық табыстармен шектелмей, өңірдің халықаралық беделін арттыруға, кәсіпкерлік белсенділікті күшейтуге және халықтың әл-ауқатын жақсартуға зор ықпал етпек. Облыс әкімдігі мен инвесторлар арасындағы тиімді ынтымақтастық бұл мақсаттарға қол жеткізудің кепілі бола алады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...