Елімізде экологиялық мәдениетті нығайтып, табиғатты аялау бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. Соның бір жарқын мысалы ретінде биылғы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған республикалық Road-эстафетасын атауға болады. Бұл шара 29 қыркүйекте Алматы қаласынан бастау алып, бүгінде Түркістан облысының Түлкібас ауданына келіп жетті.
Эстафетаны Түлкібас жұртшылығы ерекше ықыласпен қарсы алды. «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйытқы болуымен қатарынан екі жыл өткізіліп келе жатқан тазалық эстафетасына биыл 4 мыңға жуық адам қатысты. Шараның ауқымды өтуі – табиғатқа деген қамқорлықтың қоғамда кең қолдау тауып отырғанының айқын дәлелі.
Эстафета барысында ұйымдастырушылар мен қатысушылар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойын тазарту жұмыстарын жүргізді. Бұл аумақ – күнделікті көлік қатынасы тығыз, жүк және жолаушылар ағыны үзілмейтін бағыт. Сондықтан оның тазалығы экологиялық қауіпсіздік пен көріктілік тұрғысынан маңызды. Сенбілікке Түлкібас ауданының мемлекеттік мекеме қызметкерлері, мәслихат депутаттары, еріктілер, жергілікті тұрғындар, БАҚ өкілдері және Түркістаннан арнайы келген қонақтар белсене атсалысты.
Іс-шараның ресми бөлімінде Түлкібас ауданының Жамбыл облысымен шекарасында экологиялық эстафета алауы табысталды. Қатысушыларды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев және жергілікті ақсақалдар қарсы алып, жылы лебіздерін білдірді.
Экошара барысында келген қонақтарға Түлкібас ауданында өндірілетін экологиялық таза, табиғи өнімдер ұсынылды. Бұл — өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуы мен жергілікті кәсіпкерлердің еңбегінің көрінісі. Келушілерге табиғи шырындар, кептірілген жемістер мен жергілікті өндірушілердің азық-түлік өнімдері дәмге ұсынылып, табиғат пен адам арасындағы үйлесімді байланысты көрсету көзделді.
Сенбілікке жиналған жұртшылық қоғам қайраткері Тұрар Рұсқұловтың ескерткішінің маңында бас қосты. Бұл орын — еліміздің тарихына үлес қосқан тұлғаларға құрмет көрсету ғана емес, сондай-ақ, болашақ ұрпақты елжандылыққа, тазалыққа және белсенді азаматтық ұстанымға тәрбиелеу ордасы ретінде таңдалған. Осы тұста «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев пен «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Нұрғалиқызы сөз сөйлеп, шараның маңыздылығын атап өтті. Олар қоршаған ортаны таза ұстаудың әр азаматтың борышы екенін еске салып, белсенді жастар мен табиғат жанашырларына ризашылықтарын білдірді.
Айта кету керек, республикалық тазалық эстафетасы Түркістан облысынан кейін Қызылорда бағытына қарай жалғасады. Бұл – экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен табиғатты қорғау ісін тек бір аймақпен шектемей, бүкіл ел көлемінде біртұтас жүйе ретінде қарастырудың көрінісі. Шараның 6 қазанға дейін жалғасатыны жоспарланып отыр.
Экоэстафетаның басты мақсаты – қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, экологиялық мәдениетті көтеру және жас ұрпақты табиғатты қорғауға тәрбиелеу. Бұл – бір күндік акция ғана емес, кең ауқымды қоғамдық санаға әсер ететін маңызды науқан.
Түлкібаста өткен тазалық эстафетасы – қоғамның белсенділігін, бірлігін және табиғатқа деген жанашырлығын көрсеткен ерекше шара болды. Мұндай бастамалар экологиялық тәрбие мен азаматтық жауапкершілікті нығайтып, елімізді таза әрі жайлы ортаға айналдыруға үлкен үлес қосатыны анық. «Таза Қазақстан» акциясы жалғасын тауып, әр өңірде осындай мағыналы шаралар арқылы қоршаған ортаға деген жанашырлық арта бермек.

