Шымкент қаласында экологиялық ахуалды жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қарқынды түрде жүзеге асуда. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндады.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың басынан бері Шымкентте экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кешенді шаралар тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Қала тұрғындары, кәсіпорындар мен ұйымдар белсенділік танытып, сенбіліктер мен тазалық акцияларына жаппай қатысқан.
Жыл басынан бері өткен акциялар барысында 643 мыңнан астам қала тұрғыны мен 2 580 кәсіпкерлік нысан жұмылдырылды. Сонымен қатар, 720 әлеуметтік мекеме экологиялық шараларға өз үлесін қосқан. Қаланың әр аумағында жүргізілген тазалық жұмыстарына 10 850 техника қатысып, нәтижесінде 27 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылған.
Бұдан бөлек, көгалдандыру бағытында да ауқымды іс атқарылды. 2025 жылы қала аумағында 25 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылып, жасыл белдеу айтарлықтай кеңейтілді. Астана және Шымсити шағын аудандарында жаңа көшелер бойында ағаш отырғызу жұмыстары жалғасуда. Қазан айының соңына дейін тағы 10 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, қала бойынша 400 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылып, 27 көше абаттандырылған. Бұл бағыттағы жұмыстардың орындалу деңгейі бүгінде 85 пайызға жеткен. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қосымша 11,4 мың шаршы метр аумақта көгалдандыру жүргізілуде.
Қала тұрғындарының демалысын ұйымдастыру мақсатында Тұран-2 шағын ауданында жаңа саябақ пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, тағы бес жаңа саябақтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Олар А.Молдағұлова және Жангельдин көшелерінде, сондай-ақ «Қарасу» өзені маңында, Жібек жолы мен Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысында және Шымсити шағынауданындағы Есімхан көшесі бойында орналасқан. Сонымен бірге «Отбасы» аллеясы мен Нұрсат шағынауданындағы «Бәйтереков» гүлзары абаттандырылып, «Этно», «Абай», «Жеңіс» және «Алатау» саябақтарында жаңа балалар және спорт алаңдары орнатылды.
Қала экологиясын жақсартудағы маңызды жобалардың бірі – Қошқар-ата өзенінің жағалауын абаттандыру. Бұл бағыттағы жұмыстар 3,5 шақырым аумақты қамтып отыр. Жобаны «Hydro Life 2050» ЖШС жүзеге асыруда, жалпы құны – 1,2 миллиард теңге. Жағалауда демалыс аймақтары мен жаяу жүргіншілер жолдары салынып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасуда.
Жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Шымкент қаласында тазалық пен көгалдандыру деңгейі едәуір артты. «Таза Қазақстан» акциясы тұрғындарды экологиялық мәдениетке баулып қана қоймай, қаланы жасыл әрі жайлы мекенге айналдырудың нақты үлгісіне айналды.

