Шымкентте қараша айында әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған грант конкурсы өтеді

Шымкентте қараша айында әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған грант конкурсы өтеді

Шымкент қаласында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жаңа мемлекеттік қолдау тетігі іске қосылмақ. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кәсіпкерлік саласын жандандыру мен әлеуметтік бағыттағы жобаларды қолдау мақсатында 2025 жылғы қараша айында әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік гранттар конкурсы өткізіледі. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №754 қаулысына сәйкес «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» ережелер аясында жүзеге асырылады.

Бағдарлама шеңберінде әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне және «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері болып табылатын шағын және орта бизнес өкілдеріне қайтарымсыз грант алу мүмкіндігі беріледі. Қолдау көлемі – 5 миллион теңгеге дейін. Бұл қаражат әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға, халықтың әлсіз топтарын жұмысқа тартуға және инклюзивті бастамаларды дамытуға бағытталмақ.

Сәрсен Абайұлының айтуынша, жаңа гранттық жүйе кәсіпкерлікті дамытудың жаңа кезеңін қалыптастырады. «Мемлекет әлеуметтік бағыттағы бизнесті қолдау арқылы халықты жұмыспен қамтудың тиімді тетіктерін күшейтуді көздеп отыр. Мұндай жобалар қоғамға пайда әкеліп қана қоймай, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді ол.

Конкурстық іріктеу процесі толығымен электронды форматта жүргізіледі. Өтінім қабылдау және бағалау «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы «Kezekte.kz» ақпараттық жүйесінде жүзеге асады. Бұл жүйеде өтінім беру, құжаттардың толықтығын тексеру, комиссия отырыстарын ұйымдастыру және жобалар бойынша дауыс беру үдерісі толық автоматтандырылған.

Гранттар конкурстық негізде, арнайы комиссия шешімімен тағайындалады. Комиссия құрамына қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, салалық сарапшылар, ғылыми-білім беру мекемелерінің мамандары мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында комиссия отырыстары аудио және бейне форматта жазылады, сондай-ақ процеске кемінде екі тәуелсіз байқаушы қатысады.

Мемлекеттік гранттар әлеуметтік жобаларды іске асыруға серпін беріп қана қоймай, жергілікті экономиканы дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашуға да ықпал етеді. Әлеуметтік кәсіпкерлік — қоғамның өзекті мәселелерін шешумен қатар, әлеуметтік әділдік пен тұрақтылыққа жол ашатын бағыт.

Жаңа гранттық бағдарлама өңірде әлеуметтік бизнес бастамаларын қолдап, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам болмақ. Осы бастама аясында көптеген жас кәсіпкерлер мен әлеуметтік жобалар иелеріне өз ісін өркендетуге мүмкіндік туады деп күтілуде.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...