Шымкент қаласында жастардың еңбек нарығына енуіне мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар тиімді жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Жастар практикасы» жобасы, ол жаңа мамандық иелеріне алғашқы кәсіби тәжірибе жинақтауға және тұрақты жұмыс табуға жол ашып отыр.
2025 жылы мегаполис бойынша аталған бағдарлама аясында 2 251 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда оның 1 592-сі еңбек жолын бастап үлгерді. Бағдарламаның басты мақсаты – жастарды кәсіби бейімдеу мен еңбек нарығындағы алғашқы қадамдарын қолдау.
Мысалы, №5 колледж түлегі Асхат Құнанбай «тоқымашы-оператор» мамандығын игерген соң Enbek.kz порталы арқылы жұмыссыз ретінде тіркеліп, аудандық мансап орталығынан жолдама алған. Нәтижесінде ол «Назар Текстиль» кілем фабрикасына «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан.
– Қазіргі таңда фабрикада сүйікті мамандығым бойынша оператор болып еңбек етудемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Ұжымда жастардың көп болуы қуантады. Кәсіпорында қызметкерлерге көлік тасымалы мен ыстық тамақ қарастырылған. Мемлекеттік бағдарлама арқылы осындай мүмкіндік беріліп жатқаны – біз үшін үлкен қолдау, – дейді Асхат.
Шымкент қаласы әкімдігі жастарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Бағдарламалар шеңберінде жұмыс орындары өндіріс, білім беру, медицина және қызмет көрсету салаларында ашылып, жастардың кәсіби дамуына жағдай жасалуда. Көптеген кәсіпорындар жастар практикасына қатысушыларға тәжірибе жинақтаумен қатар, тұрақты жұмысқа қалу мүмкіндігін де ұсынып отыр.
Биыл «Жастар практикасы» жобасымен қатар, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы да жүзеге асырылуда. Бұл бастама еңбек өтілі жоқ жас мамандарды алғашқы ресми жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған. 2025 жылы аталмыш жоба аясында 1 161 жасты қамту көзделсе, қазіргі таңда 330 жас алғашқы жұмыс орнына жолданды.
Бағдарламаға қатысу үшін жастар Enbek.kz электронды порталы арқылы жұмыссыз ретінде тіркеліп, тұрғылықты ауданы бойынша мансап орталығына жүгінуі қажет. Қалада бес аудандық мансап орталығы жұмыс істейді:
-
Абай ауданы: Арғынбеков көшесі, 243/3
-
Еңбекші ауданы: Астана шағынауданы, 106
-
Әл-Фараби ауданы: Байтұрсынов көшесі, 201
-
Қаратау ауданы: Бәйтереков көшесі, 89
-
Тұран ауданы: Қазыбек би көшесі, 50
Жастарды қолдауға бағытталған бұл бағдарламалар еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жаңа буынды қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр. Мемлекет тарапынан жасалған осындай қолдау шаралары жас мамандардың тұрақты жұмыспен қамтылуына, кәсіби әлеуетін дамытуына және әлеуметтік тұрақтылыққа қол жеткізуіне зор ықпал етуде.

