Шымкент қаласында ұйымдастырылған «Таза қала» жалпы қалалық сенбілік акциясы экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қала тазалығын сақтау мақсатында жоғары деңгейде өтті. Әсіресе Әл-Фараби ауданында өткен сенбілік айтарлықтай нәтижелермен қорытындыланды. Бұл шара тұрғындардың, мекемелер мен кәсіпкерлердің табиғатты аялауға деген жауапкершілігін арттырып, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға өз септігін тигізді.
Сенбілікке аудан әкім аппараты мен оған қарасты ұйымдар белсенді қатысты. Атап айтқанда, «Әл-Фараби» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және «Таза Өлке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атынан 400 қызметкер мен 15 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 20 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, бірқатар көшелер мен аулалар тазартылды. Сонымен қатар аудан тұрғындары мен кәсіпкерлер де бұл игі іске үлес қосып, 4500-ден астам адам сенбілікке қатысып, қаланың тазалығы мен көріктілігіне өз үлесін қосты.
Қалалық басқармалар мен ұйымдар да экологиялық бастаманы қолдап, сенбілікке белсенді түрде атсалысты. Тұрғын үй басқармасынан 22 қызметкер, Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасынан 35 қызметкер мен 2 техника, Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасынан 24 қызметкер мен 1 техника, ал Білім басқармасынан 32 қызметкер тазалық жұмыстарын атқарды. Бұған қоса, Дін істері басқармасы, оның ішінде «КММ», ҚМДБ Шымкент қаласы өкілдігі және басқа да ұйымдардан барлығы 4350 қызметкер мен 5 техника қатысып, ауқымды жұмыс атқарылды.
Жалпы алғанда, сенбілікке 9363 қызметкер мен 23 техника жұмылдырылып, аудан аумағынан 25,55 тонна тұрмыстық және құрылыс қалдығы шығарылды. Бұл көрсеткіш сенбіліктің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және азаматтардың белсенділік танытқанын дәлелдейді.
Іс-шара барысында қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған кең көлемді жұмыстар атқарылды. Қатысушылар қураған ағаштар мен бұтақтарды кесіп, жасыл желектердің айналасын ретке келтірді, шөп шабу, жолдар мен аяқжолдарды жуу, қоқыс алаңшаларын тазалау секілді маңызды жұмыстарды жүзеге асырды. Сонымен қатар аулалар мен қоғамдық аумақтарда қоқыс жәшіктері жаңартылып, балалар ойын алаңдары мен демалыс аймақтары ретке келтірілді.
Мұндай сенбіліктер экологиялық мәдениетті нығайтып қана қоймай, қоғамда ортақ жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Қаланың таза әрі жайлы болуы — әрбір тұрғынның саналы көзқарасы мен еңбегіне байланысты. «Таза қала» акциясы бұл тұрғыда азаматтардың табиғатқа және қоршаған ортаға деген қамқорлығын арттырудың нақты үлгісіне айналды.
Әл-Фараби ауданы әкімдігі барлық қатысушыларға ризашылығын білдіріп, қаланың көркін арттыру мен тазалығын сақтау ісіне үлес қосқан әрбір азаматқа алғыс айтты. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, қала тұрғындарын экологиялық мәдениеттің жаңа деңгейіне көтермек.

