Еңбекші ауданында «Бүкіләлемдік тазалық күні» аясында 10 мыңнан астам адам сенбілікке қатысты

Еңбекші ауданында «Бүкіләлемдік тазалық күні» аясында 10 мыңнан астам адам сенбілікке қатысты

Шымкент қаласында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Бүкіләлемдік тазалық күні» (World Cleanup Day) аясында кең ауқымды жалпы қалалық сенбілік ұйымдастырылды. Ауқымды шара 2025 жылдың 4 қазанында Еңбекші ауданы аумағында өтті. Сенбілікке мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, кәсіпорын өкілдері мен тұрғындар белсенді түрде қатысып, аудан аумағын күл-қоқыстан тазартуға өз үлестерін қосты.

Іс-шараға Еңбекші ауданы әкім аппаратының 560 қызметкері мен 30 арнайы техникасы жұмылдырылды. Сенбілік нәтижесінде аудан аумағынан 18 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар, аудан тұрғындарының 3800-ден астамы экологиялық тазалық шарасына белсенділік танытты. Тұрғындар өз аулалары мен көшелерін тазалап, ағаш түптерін әктеп, жасыл желектерді ретке келтірді.

Қаладағы ірі ұйымдар мен басқармалар да бұл экологиялық бастамаға атсалысты. Атап айтқанда, «Оңтүстік» индустриялық аймағынан 2000 қызметкер мен 4 техника, «Жайлы ортаны дамыту басқармасынан» 26 қызметкер мен 1 техника, ал Құрылыс басқармасынан 30 қызметкер мен 1 техника жұмылдырылды. Бұған қоса, Шымкент ӘКК АҚ басқармасы, Ішкі саясат басқармасы және басқа да мекемелер экологиялық тазалық жұмыстарына үлес қосты.

Қаланың коммуналдық және өндірістік мекемелері де сенбіліктен тыс қалмады. «ТелҚоңыр» ЖШС-нен 20 қызметкер мен 3 техника, «Водоканал-1» ЖШС-нен 30 қызметкер мен 2 техника, «QazaqGaz Aimaq» ШӨФ-тен 60 қызметкер мен 1 техника, «Қуатжылуорталық-3» МКК-ден 30 қызметкер мен 1 техника қатысты. Сондай-ақ Еңбекші электр тарату бөлімінен 30 қызметкер мен 2 техника, ал аудандық полиция бөлімінен 200 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылды.

Әлеуметтік нысандар да бұл экологиялық шарадан шет қалмады. Мектептер мен балабақшалардан, денсаулық сақтау мекемелерінен 3815 қызметкер мен 11 техника қатысып, жалпы 8 тонна қоқыс шығарылды. Қатысушылар көше бойындағы қураған ағаштар мен бұтақтарды кесіп, шөп орып, орындықтар мен қоршауларды сырлап, қаланың көркін айшықтай түсті.

Жалпы алғанда, Еңбекші ауданы аумағында өткен сенбілікке 10 651 қызметкер мен 61 техника қатысып, барлығы 45,9 тонна қоқыс шығарылды. Бұл көрсеткіш қала тұрғындарының экологиялық мәдениетінің артып келе жатқанын және тазалыққа деген жауапкершіліктің жоғары екенін дәлелдейді.

Сенбілік нәтижесінде аудан аумағы айтарлықтай тазарып, тұрғындардың тұрмыс ортасы жақсарды. Мұндай шаралар тек экологиялық ахуалды жақсартуға ғана емес, қоғамда бірлік пен өзара қолдауды нығайтуға да әсер етеді.

Еңбекші ауданы әкімдігі мен ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға белсенді еңбегі үшін алғыс білдірді. «Таза қала – әрбір тұрғынның жауапкершілігі» деген ұстаныммен өткен бұл сенбілік Еңбекші ауданындағы экологиялық мәдениетті қалыптастырудың және туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырудың жарқын үлгісі болды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...