Түркістан облысында халықты сапалы ауыз сумен қамту – әлеуметтік маңызды мәселелердің бірі ретінде үнемі күн тәртібінде тұр. Өңір басшылығы бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, қала мен ауыл тұрғындарына сапалы тіршілік нәрін жеткізу ісін басымдық ретінде қарастырып келеді. Соңғы жылдарда атқарылған кешенді шаралардың арқасында облыстағы қалалардың 100 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Ауылдық елді мекендерде де бұл көрсеткіш тұрақты түрде артып келеді.
2023 жылы облыста инфрақұрылымды дамыту мақсатында 66 су нысанының құрылысына қаржы қарастырылып, олардың ішінде 38 нысан іске қосылды. Қалған 28-інің құрылыс жұмыстары 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жалғасуда. Сонымен бірге индикаторға енген 30 елді мекеннің су құбырлары жаңартылып, тозығы жеткен желілер кезең-кезеңімен ауыстырылуда. Бұл жұмыстар арнайы мониторингтік топтың бақылауымен іске асып отыр. Қазіргі уақытта облыс бойынша ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі 98,1 пайызды құрайды.
Дегенмен, ауыз су мәселесі толық шешілді деуге ерте. Бірқатар қалаларда түйткілдер анықталып, соған байланысты жедел шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, Арыс қаласындағы ауыз су станциясы арқылы 9 825 абонентке су жеткізіліп отыр. Мұнда суды тұндыру, хлорлау және залалсыздандыру процестері санитарлық талаптарға сай жүргізіліп, тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтылуда.
Шардара қаласында ауыз судың жетіспеушілігі байқалып, бұл мәселені шешу үшін жалпы құны жоғары «Шардара топтық су құбыры» жобасы қолға алынды. Құрылыс жұмыстарын «Алтынконстракшн» ЖШС жүргізуде. Қазірдің өзінде тұрғындарға жеткізілетін су көлемі тұрақтала бастады. Сонымен қатар «Тама» су кен орнынан келетін судың мөлшерін арттыру жолдары талқылануда.
Леңгір қаласында да инфрақұрылымдық жұмыстар жалғасуда. Мұндағы «Көктерек» водозаборын жөндеу және қосымша 4 ұңғыманы бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Қалада 7 477 абонент бар, ал су жеткізумен «Леңгір су» МКК айналысады. Сарыағаш қаласында да халық саны артқан сайын суға деген сұраныс көбейіп отыр. Қазіргі таңда 10 242 абонент ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Мұндағы су «Сарыағаш» топтық жүйесінен келіп, тәулік бойы беріледі. Алайда, Р-1 каналынан келетін судың төмендеуі мәселесі туындап, осыған байланысты жаңа магистралды су құбырының құрылысы жүргізілуде. Нысан биыл аяқталып, пайдалануға берілмек.
Жалпы алғанда облыста су жеткізумен айналысатын 17 мекеме бар. Соңғы барлау нәтижелері бойынша 756 елді мекенде су құбыры бар. Оның ішінде 165 ауыл жер үсті суларымен, ал 591 елді мекен жер асты суларымен қамтылған. Бұл ауылдардың 548-іне тәулік бойы су берілсе, 192-сіне кесте бойынша ғана жеткізіледі. Ал 16 ауылда су жүйесі уақытша тоқтатылған. Кестемен берілетін ауылдарда анықталған кемшіліктер бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Бүгінде облыс әкімдігі тарапынан мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасалып, құрылыс мерзімі мен сапасына қатаң талап қойылып отыр. Арнайы штаб құрылып, жүйелі түрде отырыстар өтіп, бақылау күшейтілуде. Бұл – тұрғындарды таза ауыз сумен толық әрі тұрақты қамту жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Түркістан облысында ауыз су инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары жалғаса бермек. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл-аймақтарда өмір сүру сапасы артып, халықтың күнделікті тұрмысы жақсара түсуде.

