Жұмысшы жастар – ел мақтанышы

Жұмысшы жастар – ел мақтанышы

Мемлекет басшысы 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялағаны белгілі. Бұл шешім Қазақстан экономикасы мен қоғамдағы еңбек мәдениетін дамытуда ерекше серпін берді. Жұмысшы мамандықтарының абыройын арттыру – тек бір жылдық шара емес, ұзақ мерзімді саясаттың ажырамас бөлігіне айналуда. Себебі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың тұрмыс сапасы ең алдымен адал еңбек ететін азаматтардың қажырлы еңбегіне тікелей байланысты.

Шымкент қаласында жастарды жұмыспен қамту бағытында нақты қадамдар жасалуда. Әсіресе, жастарға арналған «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» сияқты бағдарламалар жүйелі жүзеге асырылып келеді. Бұл жобалар жас түлектердің тәжірибе жинауына, еңбекке ерте араласуына және өз мамандығы бойынша алғашқы кәсіби қадамдарын жасауына зор мүмкіндік беруде.

2025 жылы Шымкент жоғары медицина колледжін тәмамдаған Нұрайым Оңғардың үлгісін ерекше атап өтуге болады. Ол «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы «Рахат Стом» тіс емханасына мейірбике болып жолданып, қысқа уақыт ішінде білікті мамандардың сенімді көмекшісіне айналды. Жас маман оқу орнында алған білімін тәжірибемен ұштастырып, алғашқы кәсіби жолын сенімді түрде бастады. Мұндай мысалдар еңбекке адал жастардың жаңа мүмкіндіктерге жол ашып жатқанын көрсетеді.

Жалпы алғанда, 2025 жылдың алғашқы айларынан бастап Шымкентте 1485 жас «Жастар практикасы» арқылы еңбекке тартылса, 304 жас «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы арқылы тәжірибе жинақтауда. Сондай-ақ, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 10 жас маман тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл көрсеткіштер қаладағы еңбек нарығының қарқынды дамып жатқанын, сонымен қатар жастардың белсенділігінің жоғары екенін айғақтайды.

Жұмысшы жастардың маңызын арттыру – елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық өсімінің кепілі. Өйткені олар өнеркәсіптен бастап медицинаға, құрылыс пен қызмет көрсетуге дейінгі барлық салада ерен еңбек етіп жүр. Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру арқылы мемлекет еңбекке деген құрметті күшейтіп, жас буынды еңбексүйгіштікке тәрбиелеуде.

Жастар үшін қолжетімді жұмыс орындарының көбеюі тек табыс табудың ғана емес, өзін-өзі дамыту мен қоғамға пайдасын тигізудің де жолы. Шымкент қаласының еңбек нарығы бүгінде жаңа бастамалармен толықтырылып, еңбекке ынталы жастарға сенімді тірек болып отыр.

Қорытындылай келе, жұмысшы мамандықтарын таңдаған жастар – еліміздің басты байлығы. Олардың қажырлы еңбегі мен табандылығы Қазақстанның тұрақты дамуына негіз болады. Сондықтан да әрбір еңбекқор жас – ел мақтанышы, болашақтың кепілі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...