МИНИСТР АЗАМАТТЫҚ РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

МИНИСТР АЗАМАТТЫҚ РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі үшінші мегаполистегі Азаматтық ресурстық орталықта болды. Азаматтық Альянс пен оның құрамына енетін үкіметтік емес ұйымдардың жұмысымен танысты.
– Қаламызда үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғамның өкілдері көп, олар белсенді жұмыс атқаруда. Солардың барлығын бір ортаға жинау қажеттігі туындаған соң, осындай шағын коворикинг орталық құрылды. Міне, содан бері бір жылдан асты – барлығы бір ортада бас қосып, ақылдасып, жұмыла жұмыс істеуде. Жалпы, Азаматтық Альянс құрамына 57 үкіметтік емес ұйым тіркеліп, осы жерден қызмет алуда. Мысалы, Азаматтық ресурстық орталықтың мамандары оларға заңгерлік көмек, түрлі кеңестер беріледі, жобалар жазуда қол ұшын созады, – деді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.
Бұдан кейін Азаматтық Альянстың өкілдері өздері атқарып жатқан жұмыс туралы қысқаша баяндады. Министр Дархан Қуандықұлы, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс істеу жағына баса назар аударды. Ерекше күтімді қажет ететін жандардың осындай орталық қызметіне барынша қол жеткізу мүмкіндігін қарастыруды сөз етті. Азаматтық Альянс өкілдері жуырда қаладағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар және олармен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің басын қосу туралы жоспарларымен бөлісті.
Айта кетейік, Азаматтық ресурс орталығы 2021 жылдың қазан айында ашылған болатын. Ондағы мақсат – азаматтық бастамалар мен әлеуметтік бағыттағы коммерциялық емес ұйымдарды дамыту үшін қолайлы жағдай жасау.
Министр алдымен жергілікті «Ontustik» телеарнасының жұмысымен танысып, сол жерде қаладағы БАҚ өкілдерімен кездесті.
Кездесуді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ашып, жүргізіп отырды.
—Бүгінде министрлік бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заңның жобасын әзірлеп жатыр. Онда журналистердің статусын айқындайтын, олардың құқықтарының қорғалуы мен әлеуметтік тұрғыда қолдау көрсетілуін қамтамасыз ететін және кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған нормалар болады. Сондай-ақ, БАҚ-тарды субсидиялау туралы да ұсыныстар айтылып жатыр. Әрине, мұның бәрі әзірге жоба ғана. Жұмыс тобы нақтылау жұмысын жүргізіп жатыр. Содан кейін заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылады, — деді министр.
Осы орайда, Д.Қыдырәлі Шымкент қаласының еліміздегі массмедианың дамуында ерекше рөл атқаратынын, сондықтан жергілікті журналистердің заң жобасына қатысты пікірі мен ұсыныстары маңызды екенін атап өтті.
Кездесу барысында Үкімет мүшесі журналистердің сауалдарына жауап беріп, салдағы өзекті проблемаларды шешу жөніндегі ойларын ортаға салды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...