Шымкент қаласының инфрақұрылымын жүйелендіру мақсатында «Ақылды қала» жобасы негізінде жарықтандыру саласы автоматтандырылуда. Көше жарығы диспетчерлік орталық ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап өз жұмысын бастаған болатын.
Орталық арқылы әзірше қала аумағындағы 97 көшенің жарықтандыру жүйелері толықтай басқарылуда. Яғни, істен шыққан жарықшамдар кері байланыс арқылы автоматты түрде мониторда көрсетіледі және түнгі мезгілде көлік қозғалысы баяулаған кездерде жарық беру пайызы автоматты төмендейді. Бұл электр қуатын едәуір үнемдеуге септігін тигізеді.
Бүгін аталған орталыққа қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы барып, операторлардың диспетчерлік жұмысы мен бірегей жобаның мүмкіндіктерімен танысу барысында, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында басқа да жаңа технологияларды зерттеп, қала өміріне енгізуді тапсырды.
Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар 747 көшенің 324-і жарықтандырылған. 2024 жылы барлық көшелерді 100 % автоматтандыру жоспарланған.
Еске салар болсақ, Шымкентте көшелерді жарықтандыру жүйесін басқарудың жаңа диспетчерлік орталығы іске қосылды. Орталық жұмысымен қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков таныстырды.
Жоба Шымкент қалалық цифрландыру басқармасымен бір жүйеге қойылған. Осылайша алдағы уақытта «Ақылды қала» жобасы аясында шаһардағы жарықтандыру жүйелерін толықтай автоматтандыру көзделіп отыр.
– Диспетчерлік пунктің жұмысы автоматтандырылған. Тәулік бойы оператор барлық жүйенің жұмысын бақылап отырады. Тағы бір ерекшелік – мамандар жарық шамның іске қосылу мерзімін жыл мезгілі, күннің шығуы мен батуына орай өзгертіп тұрады. Мысалы, қазіргі таңда шамдар кешкі 21:00-де жанып, таңғы 05:30-да өшеді, – деді қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков.
Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жүзеге асырылуда. Жүйені күтіп-ұстау, автоматтандырылған желіге қосумен «АВМ Building» ЖШС айналысады. Мекеме Шымкентте 2021 жылдың наурыз айынан бері жұмыс істеп келеді. Диспетчерлік орталықтың штатында 5 адам бар. Ауысым бойынша күндіз екі маман, түнде бір диспетчер кезекшілікте отырады.
Қазіргі таңда орталық жүйесіне 40-қа жуық көше қосылған. Жыл соңына дейін ондай көшелер санын 100-ге жеткізу көзделіп отыр. Алдағы уақытта әр шамның пайдаланатын электр энергиясының киловаты, түнде көлік қозғалысы баяулағанда шамдардың жарық беру пайызын автоматты түрде төмендету арқылы энергия үнемдеу сияқты функцияларды іске қосу жоспарлануда. Орталық қаламыздың одан ары дамуына үлкен үлес қосады деген үміттеміз.
ШЫМКЕНТ - ЖАРЫҚ ҚАЛА

