Астанада өткен ИКАО-ның 2026 жылғы Авиациялық қауіпсіздік апталығы аясында Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің басшылығы АҚШ Көлік қауіпсіздігі әкімшілігінің (TSA) авиация және халықаралық саясат мәселелері жөніндегі атқарушы директоры Эрик Ятар бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Тараптар авиациялық қауіпсіздік саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту, нормативтік-құқықтық реттеу және практикалық тәжірибе алмасу, сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашуға дайындық мәселелерін қарастырды.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі қазақстандық әуе тасымалдаушысының АҚШ-қа рейстерді орындауын бастау үшін қажетті авиациялық қауіпсіздік талаптарын орындау болды. Қатысушылар Air Astana әуе компаниясының авиациялық қауіпсіздік бағдарламасын әзірлеу және тиісті рәсімдер бойынша TSA-мен одан әрі өзара іс-қимыл жасау мәселелерін талқылады.
Америка тарапының өкілдері атқарылатын жұмыстың негізгі кезеңдерін түсіндірді. Атап айтқанда, олар әуе тасымалдаушысының қауіпсіздік бағдарламасын қарау, жолаушылар туралы деректерді беру жүйелерінің TSA Secure Flight бағдарламасымен үйлесімділігін тексеру және рейстер басталғанға дейін әуежайдың авиациялық қауіпсіздік деңгейін бағалау рәсімдеріне тоқталды. Сонымен қатар, аталған іс-шараларды АҚШ Көлік министрлігі мен Федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) рәсімдерімен үйлестіру қажеттігі атап өтілді.
Әуежайда бұған дейін жүргізілген алдын ала тексеру нәтижелеріне және TSA ұсынымдарын орындау бойынша кейінгі жұмыстарға ерекше назар аударылды. Тараптар алдағы бағалау рәсіміне дайындық барысында ақпаратты уақтылы алмасу мен бейінді мамандардың өзара тығыз іс-қимыл жасауының маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан тарапы АҚШ-тың ұлттық авиациялық қауіпсіздік жүйесін ұйымдастыру тәжірибесін зерделеуге қызығушылық білдірді. Атап айтқанда, ұлттық талаптар мен қадағалау рәсімдерін одан әрі жетілдіру мақсатында АҚШ-тың заңнамасымен, нормативтік құжаттарымен және TSA-ның практикалық қызметімен танысу мүмкіндіктері талқыланды.
TSA өкілдері АҚШ-тың авиациялық қауіпсіздік саласындағы нормативтік-құқықтық базасына қатысты жүйелендірілген шолу материалдарын ұсыну мүмкіндігін жеткізді. Неғұрлым егжей-тегжейлі мәселелерді ведомствоның өңірлік өкілдері мен бейінді құрылымдық бөлімшелері арқылы қосымша пысықтауға болатыны атап өтілді.
Сонымен қатар, қатысушылар жүк әуе тасымалдары мен жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жалғасып жатқан ынтымақтастықты қарастырды. Азаматтық авиацияны қорғау шараларының тиімділігін арттыру үшін тәжірибе алмасу мен сарапшылық өзара іс-қимылдың маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу барысында тараптар қалыптасқан ынтымақтастыққа, оның ішінде TSA мамандарының Қазақстанға жұмыс сапарларына және қазақстандық өкілдердің АҚШ-тағы бейінді іс-шараларға қатысуына оң баға берді. Америка делегациясы ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығының жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны және екіжақты келіссөздер өткізуге мүмкіндік жасалғаны үшін алғыс білдірді.
Алдағы ынтымақтастық авиациялық қауіпсіздік саласындағы қажетті рәсімдерді кезең-кезеңімен орындауға, озық тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашуға қажетті жағдайлар жасауға бағытталатын болады.


