Алматыда тау туризмінің қауіпсіздігін арттыратын цифрлық сервис әзірленуде

Алматыда тау туризмінің қауіпсіздігін арттыратын цифрлық сервис әзірленуде

Алматыда тау туризмін дамыту және саяхатшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заманауи цифрлық шешімдерді енгізу мәселесі қарастырылуда. Осы бағытта туристік маршруттарды тіркеуге арналған Almaty Hike сервисін іске қосу бастамасы талқыланды.
Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылған кеңеске Төтенше жағдайлар департаменті, қалалық Туризм және Цифрландыру басқармалары, сондай-ақ Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдері қатысты.
Жиында тауға шығатын туристік топтарды алдын ала тіркеу және олардың жоспарланған бағыттары туралы мәлімет жинау мүмкіндіктері қаралды. Almaty Hike цифрлық платформасы саяхатшылар мен құтқару қызметтері арасындағы ақпарат алмасуды жеңілдетуге бағытталған.
Кездесу барысында Алматы қаласының Туризм басқармасы қолданыстағы тау маршруттарының цифрлық карталарын таныстырды. Сонымен қатар бағыттар жөніндегі ақпаратты толықтыру, жүйелеу және жаңа сервиске енгізу мәселелері талқыланды.
Мұндай технологиялық шешімдер туристердің қозғалысын ұйымдастыруға, төтенше жағдайлар кезінде қажетті мәліметтерді жедел алуға және құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Алматының табиғи ерекшеліктері тау туризмін дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Сондықтан туристік инфрақұрылымды цифрландыру саяхатшыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартудың маңызды бағыттарының бірі саналады.
Almaty Hike сервисін іске қосу туристік қауіпсіздікті нығайтып, қала маңындағы тау бағыттарын пайдалануды жүйелеуге ықпал етпек. Цифрлық карталар мен алдын ала тіркеу мүмкіндігі тұрғындар мен туристердің сапарларын жауапкершілікпен жоспарлауына жағдай жасайды. Бұл бастама Алматының қауіпсіз әрі заманауи туристік орталық ретінде дамуына қосымша серпін береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ