Алматыда цифрлық басқару мен деректер қауіпсіздігін күшейтуге басымдық берілді

Алматыда цифрлық басқару мен деректер қауіпсіздігін күшейтуге басымдық берілді

Алматы қаласында мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және цифрлық технологияларды тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жаңа деңгейге көтерілуде. Қала әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте цифрлық трансформацияның негізгі міндеттері талқыланды.
2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануына байланысты мегаполисте ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылып отыр.
Жиын барысында тұрғындардың дербес деректерін қорғау, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық өзгерістер жағдайында азаматтардың жеке мәліметтерін сенімді қорғаудың маңызын атап өткен болатын.
Осыған байланысты Дархан Сатыбалды қаладағы қолданыстағы ақпараттық жүйелерге толық түгендеу жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар серверлік жабдықтарды келісімсіз сатып алуға жол бермеу және «Деректер банкі» бірыңғай цифрлық шлюзін құру мүмкіндігін пысықтау міндеті қойылды.
Бұл бастамалар ақпараттық ресурстарды басқаруды жүйелеп, мемлекеттік құрылымдар арасындағы деректер алмасу тиімділігін арттыруға бағытталған.
Кеңесте Алматының индустриялық аймағын дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады. Қала басшысы ірі инвестициялық жобаларға қажетті инфрақұрылымды қаржыландыру мәселелерін жедел шешуді және индустриялық аймақты кеңейту рәсімдерін аяқтауды жүктеді.
Цифрлық басқару тетіктерін жетілдіру Алматының технологиялық әлеуетін нығайтып, қалалық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Ақпараттық қауіпсіздік пен инновациялық инфрақұрылымды қатар дамыту мегаполистің тұрақты дамуына негіз қалайды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ