Алматыда STEPPE Fair шығармашылық пен инновация өкілдерін біріктірді

Алматыда STEPPE Fair шығармашылық пен инновация өкілдерін біріктірді

Алматыда креативті индустрияны дамытуға, заманауи мәдениетті насихаттауға және түрлі сала мамандары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған STEPPE Fair қалалық шарасы ұйымдастырылды. Ауқымды басқосу бизнес, медиа, технология және шығармашылық қауымдастық өкілдерінің пікір алмасуына мүмкіндік берді.
Биылғы іс-шараның негізгі тақырыбы Matchmaking, яғни жаңа кәсіби байланыстар орнату және өзара тиімді серіктестік қалыптастыру болды. Бағдарлама барысында қатысушылар шығармашылық жобаларды дамыту, инновациялық шешімдерді қолдану және заманауи нарықтағы мүмкіндіктер жөнінде ой бөлісті.
Пікірталас алаңдарына Freedom, Яндекс, Higgsfield, BI Group, Almaty Marathon, 1Fit, «Қайрат» футбол клубы және өзге де компаниялардың өкілдері қатысты. Олар өз салаларындағы тәжірибелерімен бөлісіп, бірлескен бастамалардың маңыздылығына назар аударды.
Шара аясында тәжірибелік шеберлік сабақтары, воркшоптар мен тақырыптық баттлдар ұйымдастырылды. REPAS арт-аймағы шығармашылық бағыттағы жұмыстарды таныстыруға арналған ерекше кеңістікке айналды.
Музыкалық бағдарлама да қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Elevation резиденттері диджейлік өнерін көрсетсе, кештің басты орындаушылары ALPHA және Secret Guest болды.
STEPPE Fair Алматының шығармашылық әлеуетін танытатын маңызды қалалық бастамалардың бірі ретінде ерекшеленді. Мұндай жобалар жергілікті мамандардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа идеялардың жүзеге асуына ықпал етеді.
Сонымен қатар түрлі индустрия өкілдерінің бір алаңда кездесуі тәжірибе алмасуға, тың жобаларды талқылауға және болашақ серіктестіктің негізін қалауға жол ашады. Бұл Алматының креативті экономика мен заманауи мәдениет орталығы ретіндегі дамуына серпін береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ