Түркістанда жаңа өндірістерге 9,4 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, отандық өнім көлемі артады

Түркістанда жаңа өндірістерге 9,4 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, отандық өнім көлемі артады

Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. Қазіргі таңда тоқыма өнеркәсібі, еден жабындары, қаптама материалдары және бір рет қолданылатын ыдыс өндірісін қамтитын төрт кәсіпорынның жобасы іске асырылуда.
Аталған жобаларға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 9,4 млрд теңгеден асады. Кәсіпорындар толық жобалық қуатына шыққаннан кейін 1,2 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Бұл жобалар Түркістанда өндіріс көлемін арттырумен қатар, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өндірістік жобалардың бірі – «Qaz Natural Laminat» ЖШС. Кәсіпорын ламинатталған еден жабындарын шығаруды жоспарлап отыр. Жобаның құны 1,2 млрд теңгені құрайды, ал өндірістік қуаты айына 100 мың шаршы метр өнімге есептелген. Кәсіпорында 50 жұмыс орнын ашу көзделген.
Қазіргі уақытта нысандағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған. Өндірістік алаңға қажетті жабдықтардың 90%-ы жеткізіліп, монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорынның іске қосылуы құрылыс саласында сұранысқа ие өнімдердің бір бөлігін жергілікті жерде өндіруге мүмкіндік береді.
Ең ауқымды жоба – «KAZAKHSTAN LIHUA» ЖШС-нің тігін фабрикасы. Жобаның инвестициялық құны 5 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын төсек-орын жабдықтарын, төсеме маталарды және үйге арналған басқа да тоқыма өнімдерін шығаруға бағытталған.
Фабриканың өндірістік қуаты жылына 4 млн жиынтыққа дейін жетеді деп жоспарланған. Кәсіпорынды орналастыру үшін «TURAN» АЭА аумағынан 42 гектар жер бөлінген. Жоба жүзеге асқанда 1 120 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Тоқыма өндірісінің дамуы Түркістан үшін бірнеше бағытта маңызды. Дайын өнімді жергілікті жерде шығару ішкі нарықтағы отандық тауар ұсынысын арттыруға мүмкіндік берсе, ірі кәсіпорынның жұмысы қаптама, тасымалдау, қоймалау және басқа да қызметтерге қосымша сұраныс қалыптастыра алады.
Қаптама өнімдерін өндіруге бағытталған «QazEcoPack» ЖШС жобасына 1,21 млрд теңге инвестиция салынады. Кәсіпорында жабысқақ таспа, стрейч-пленка, полиэтилен және ауа-көпіршікті пленка шығару жоспарланған. 25 жаңа жұмыс орны құрылады.
Нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, қажетті жабдық толық жеткізіліп, орнатылған. Қазіргі уақытта іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілуде. Болашақта кәсіпорын полиэтилен пленкасының қалдықтарын қайта өңдеуді де жоспарлап отыр.
Мұндай өндірістің іске қосылуы басқа кәсіпорындар үшін де маңызды. Қаптама материалдары өндіріс, сауда және логистика салаларында тұрақты сұранысқа ие. Сондықтан оларды жергілікті жерде шығару кәсіпорындар арасындағы өндірістік кооперацияны дамытуға мүмкіндік береді.
«ER-QAN Group» ЖШС жобасына 2 млрд теңге инвестиция салу көзделген. Кәсіпорын бір рет қолданылатын пластик ыдыстар мен полиэтилен пакеттерін өндіреді. Жоспарланған өндірістік қуат жылына 200 тонна ыдыс пен 400 тонна пакетті құрайды. Жоба аясында 30 жұмыс орны ашылмақ.
Бұл төрт жобаның ортақ ерекшелігі – нарықта сұранысқа ие дайын өнім өндіруге бағытталуы. Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы импорттық өнімдердің бір бөлігін отандық тауарлармен алмастыруға және қазақстандық қамту үлесін арттыруға жағдай жасайды.
Сонымен бірге өндірістердің толық қуатқа шығуы үшін инженерлік инфрақұрылым, білікті кадрлар және өнімді өткізу нарығы маңызды. Өнеркәсіптік нысандарды аралау барысында осы мәселелер инвесторлармен жеке талқыланды.
Түркістанда инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың нәтижесі тек жаңа кәсіпорындардың ашылуымен шектелмейді. Жергілікті өндірісті кеңейту, ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру, өндірістік кооперацияны дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру қаланың экономикалық әлеуетін нығайтудың маңызды бағыттарының бірі болып отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ