Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевпен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевпен кездесті

Қырғызстан, Бішкек қаласы

ШЫҰ саммиті аясында өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевке Қазақстандағы ауқымды саяси реформалар мен алғашқы бір палаталы Құрылтай сайлауының нәтижесі жөнінде әңгімеледі. Мемлекет басшысы елдің саяси өміріндегі аталған тарихи уақиға жан-жақты жаңғыру жолындағы маңызды кезең саналатынын атап өтті. Президент Құрылтай сайлауының өтуіне байланысты білдірген жылы лебізі, сондай-ақ Әзербайжан өкілдерінің байқаушылар миссиясы құрамындағы белсенділігі үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме жасап.

– Еліміздің тарихында бұл сайлау тұңғыш рет халықаралық ұйымдар тарапынан бірауыздан оң бағаға ие болды. Құрылтай Әзербайжан Парламенті – Милли Мәжіліспен белсенді жұмыс істеуге ниетті. Мен өз тарапымнан осы бағыттағы ынтымақтастықты барынша қолдаймын. Мемлекетаралық қарым-қатынас ойдағыдай дамып келеді. Өзара ықпалдастыққа қатысты негізгі мәселелерді ұдайы назарда ұстаймын. Осы орайдағы байланыстарға көңіл толады. Бұл жетістіктің негізгі қозғаушы күші – мемлекеттер басшыларының ерік-жігері екені сөзсіз, – деді Президент.

Ильхам Әлиев Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың ауқымы мен мән-маңызына тоқталды. Әзербайжан Президенті елдеріміз арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

– Шын мәнінде, қарым-қатынасымыз табысты ілгерілеп, одақтастық сипатқа ие болды. Күн өткен сайын нақты мазмұнмен толығып келеді. Құрылтай сайлауының табысты өтуі және Қазақстан халқының қолдауы Сіздің реформаларыңыз бен бастамаларыңызды қоғам дұрыс қабылдайтынын көрсетеді, – деді Ильхам Әлиев.

Әңгімелесу кезінде сауда-экономикалық, инвестициялық ықпалдастық мәселелері, сондай-ақ көлік, логистика, энергетика және цифрландыру сияқты түрлі саладағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысы қарастырылды.

Кездесу соңында тараптар алдағы халықаралық іс-шаралар кестесін талқылады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қырғызстан, Бішкек қаласы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми ашылуын тамашалады, деп хабарлайды ...

Көптеген шағын кәсіпорын өз қызметін жалға алынған ғимаратта жүргізеді. Дүкен, сұлулық салоны, кеңсе, оқу орталығы немесе қоғамдық тамақтану орны...