Қарағандыдағы Мемлекеттік рәміздер алаңына төрт мыңнан астам адам жиналды

Қарағандыдағы Мемлекеттік рәміздер алаңына төрт мыңнан астам адам жиналды

Қарағандыда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай аттас алаңда көлемі 20х10 метр болатын алып Мемлекеттік Ту жайылды. «Рәміздер рухы – Конституция күші» атты патриоттық форумға төрт мыңнан астам адам қатысты.

Туды Қарағанды жоғары оқу орындарының студенттері өңірдің танымал спортшыларымен бірге салтанатты түрде алып өтті. Олардың қатарында Олимпиада ойындарының қатысушысы Данил Мұсабаев, жауынгерлік самбодан әлем чемпионы Ниетхан Төлеухан және әскери қызметшілер арасындағы еркін күрестен әлем біріншілігінің жүлдегері Әділ Оспанов болды.

Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі – Мемлекеттік Әнұранның көпшілік болып орындалуы болды. Форум қатысушыларымен бірге Әнұранды Ұлттық ұлан ансамблі мен Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның вокалдық тобы орындады.

Өңір тұрғындарын мерекемен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтады.

— Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – Тәуелсіздігіміздің негізі, мемлекеттілігіміздің ең маңызды нышандары. Олар Конституциямен бірге еліміздің егемендігі мен тұрақты дамуының өзара сабақтас тұғырларын құрайды. Қарағанды өңірі – жасампаз еңбек дәстүрлері мен биік мемлекеттік мұраттар үйлесім тапқан қасиетті мекен. Біз үшін қоғамдық келісімді сақтау, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу және жоғары азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру — басты міндеттердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Көк Туымыз Қазақстанның бейбіт аспанында әрдайым асқақ желбіресін, Елтаңбамыз ел тәуелсіздігінің айғағы болсын, ал Әнұранымыз әр азаматтың жүрегіне Отанға деген мақтаныш сезімін ұялатсын, - деді өңір басшысы.

Сондай-ақ ол облыстың дамуына қосқан үлесі мен қоғамдық өмірге белсенді қатысқаны үшін бірқатар азаматқа Алғыс хаттар табыстады. Марапатталғандардың қатарында білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, спорт және құқық қорғау салаларының өкілдері бар.

Мемлекеттік рәміздердің маңызы туралы батуттағы гимнастикадан Олимпиада ойындарының қатысушысы Данил Мұсабаев та өз ойын білдірді.

— Халықаралық жарыстарда Қазақстанның Мемлекеттік Туы көтеріліп, Әнұранымыз шырқалған сәтте елің үшін ерекше мақтаныш сезімін бастан кешесің. Әрбір жеңістің артында спортшы мен бапкерлердің еңбегі, мемлекеттің және жанкүйерлердің қолдауы тұрады. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, Отанды сүю және өз еліңді қалай таныстырып жүргеніңе жауапкершілікпен қарау — әрқайсымыз үшін маңызды, - деді спортшы.

Форумға жастардың көптеп қатысуы мерекенің ерекше көңіл-күйін айқындай түсті. «Болашақ» колледжінің бірінші курс студенті Аружан Нұртазина мұндай ауқымды іс-шараға алғаш рет қатысқанын айтты.

— Мемлекеттік рәміздер күні Қазақстан үшін мақтаныш сезімін оятады. Бұл мереке адамдарды біріктіріп, тәуелсіздік, бейбітшілік пен бірліктің қадірін еске салады. Ал жастар үшін бұл еліміздің болашағы алдындағы жауапкершілік туралы ойлануға мүмкіндік беретін ерекше күн, - дейді студент.

Дәстүр бойынша бұл күні мектеп оқушылары «Жас Ұлан» ұйымының қатарына қабылданды. Отыз оқушы салтанатты түрде ант беріп, көгілдір галстук тақты.

Форум өңірдің шығармашылық ұжымдары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жас орындаушылар мен Ұлттық ұлан ансамблі қатысқан мерекелік концертпен аяқталды.

Сонымен қатар алаңда Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы курсанттарының қатысуымен Тулар шеруі өтті.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

«В прошлом году я выступил с инициативой поддержать лучших выпускников военных учебных заведений. Тогда я подчеркнул, что им следует присваивать...

«Мен былтыр әскери оқу орындарының үздік түлектерін қолдау жөнінде бастама көтердім. Оларға қалыптасқан дәстүрге сай «лейтенант» емес, «аға...

«В этом году мы отмечаем 35-летие Независимости. Эта историческая веха имеет большое значение с точки зрения критического, глубокого осмысления,...

«Біз биыл Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтеміз. Бұл тарихи кезең жүріп өткен жолымызды жан-жақты терең талдауды және болашаққа стратегиялық жоспар құруды...