Алматы қаласының Алатау ауданындағы Рахат-Мәдениет шағынауданында инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Жұмыс барысымен қала әкімі Дархан Сатыбалды арнайы танысып, тұрғындармен кездесу өткізді.
Қазіргі таңда шағынауданда ауызсу және кәріз желілерін тарту жобасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар жолдарды кезең-кезеңімен қалпына келтіру жұмыстары қатар жүргізіліп келеді. Жоба толық аяқталғаннан кейін 14 мыңнан астам тұрғын орталықтандырылған инженерлік жүйеге қосылып, сапалы коммуналдық қызметке қол жеткізеді.
Кездесу барысында тұрғындар жолдардың жағдайы, электрмен жабдықтау, көше жарығы және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру мәселелерін көтерді. Қала басшысы тұрғындардың ұсыныстарын назарға алып, жауапты басқармаларға бірқатар нақты тапсырма берді.
Атап айтқанда, инженерлік жұмыстар аяқталған соң көшелерге сапалы асфальт төсеу, электр желілеріне қосылу процесін жеделдету, сондай-ақ балалар және спорт алаңдарын салу мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.
Жалпы, Рахат-Мәдениет шағынауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар ауданның инженерлік әлеуетін күшейтіп, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

