Алматы қаласының Алатау ауданындағы Теректі шағынауданында инженерлік және жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Жобаның жүзеге асу барысымен қала әкімі Дархан Сатыбалды арнайы танысты.
Қазіргі таңда шағынауданда ұзындығы 27 шақырымнан асатын көшелердің инфрақұрылымын қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар су құбыры мен кәріз желілерін салу жобасы іске асырылуда. Бұл бастама шамамен 1 700 абонентті және 9 мыңнан астам тұрғынды орталықтандырылған инженерлік жүйемен қамтуға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, инженерлік инфрақұрылымның негізгі бөлігі бүгінде дайын. Желі құрылысы толық аяқталғаннан кейін көшелерге асфальт төсеу жұмыстары басталады. Бұл шағынаудан тұрғындарының күнделікті өмір сапасын жақсартып, көлік қатынасын ыңғайлы етуге бағытталған.
Жұмыс сапары барысында тұрғындар көше жағдайы мен жасыл желекті суару жүйесіне қатысты ұсыныстарын жеткізді. Қала әкімі көтерілген мәселелерді назарға алып, тиісті басқармаларға қосымша пысықтау жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Жалпы, Теректі шағынауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар инженерлік инфрақұрылымды жаңартып қана қоймай, тұрғындарға қолайлы әрі заманауи қалалық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

