Алматыда жол кептелісін азайтып, қоғамдық көліктің тиімділігін арттыруға бағытталған ірі көлік реформасы жалғасып жатыр. Қала билігі халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, көлік инфрақұрылымын кешенді жаңғырту жұмыстарын қолға алған.
Қазіргі таңда Алматыда қоғамдық көлік желісі кеңейіп, жаңа автобус бағыттары іске қосылуда. 2026 жылы №96 және №130 маршруттары ашылса, алдағы уақытта «Әуезов-сити» шағынауданына жаңа бағыт жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қоғамдық көлік паркін толықтай экологиялық көлікке көшіру жұмыстары жалғасуда. Бүгінде автобустардың 64,1%-ы газбен жүреді, ал электробустар мен троллейбустар үлесі де артып келеді.
Қалада интеллектуалды көлік жүйелері енгізіле бастады. «Ақылды» бағдаршамдар, камералар мен дрондар арқылы көлік ағыны сараланып, қозғалыс тиімділігі арттырылады. Мамандардың айтуынша, бұл шешімдер көшелердің өткізу қабілетін жақсартып, кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.
Алматыда LRT жобасын іске асыруға дайындық та жалғасуда. Ұзындығы 18,3 шақырым болатын алғашқы желі Төле би көшесі арқылы Алматы-2 вокзалы мен Индустриялық аймақты байланыстырады.
Сонымен қатар веложолдардың ұзындығы 125,5 шақырымға дейін ұлғайтылып, ақылы автотұрақ жүйесі кеңейтіледі. Бұл бастамалар Алматыны заманауи әрі қолайлы мегаполиске айналдыруға бағытталған.

