Алматыда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту аясында «ақылды жылумен жабдықтау жүйесін» енгізу жұмыстары қарқын алып келеді. Жоба 2026 жылдың соңына дейін толық аяқталып, жасанды интеллект технологиялары жылу жүйесін басқаруға алғаш рет кең көлемде енгізілмек.
Қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мәліметінше, Алматыдағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 1410 шақырымды құрайды. 2025 жылы 39 шақырым жылу желісі жаңартылса, 2026 жылы тағы 20 шақырым инфрақұрылымды қайта жаңғырту жоспарланған. Нәтижесінде желілердің тозу деңгейін 52,1%-ға дейін төмендету көзделіп отыр.
Жаңа «ақылды» жүйе SCADA және ЛЭРС цифрлық платформалары арқылы жұмыс істейді. Олар сорғы станциялары мен инженерлік жабдықтардың жұмысын нақты уақыт режимінде бақылауға, апаттық жағдайларды жылдам анықтауға және ресурстар шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда ЛЭРС жүйесіне 13 768 есептеу құралы қосылған, бұл тұрғын үй секторының 98,7%-ын қамтып отыр.
Сонымен қатар, қалада газ инфрақұрылымын жаңарту жалғасуда. Биыл 13,5 шақырым газ құбыры мен 10 газ реттеу пунктін жаңғырту жоспарланған.
Бұл жобалар Алматының коммуналдық жүйесін заманауи цифрлық деңгейге көтеріп, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.

