Алматы қаласында электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар қолға алынуда. Қала әкімдігінде өткен арнайы кеңесте иесіз және жекеменшік электр желілерін коммуналдық меншікке беру мәселелері талқыланды.
Мамандардың мәліметінше, жекеменшік желілердің едәуір бөлігі ұзақ уақыт бойы жаңартылмаған әрі тиісті техникалық қызмет көрсетілмейді. Соның салдарынан қалада электр қуатының жиі өшуі, кернеудің тұрақсыздығы және тұрғындардың шағымдары көбейген. «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ дерегіне сәйкес, кейбір желілердің тозу деңгейі 80%-дан асады.
Соңғы алты айда Алматыдағы электр қуатының өшу жағдайларының шамамен 45%-ы немесе 295 оқиға дәл осы жекеменшік желілерге байланысты тіркелген. Әсіресе Наурызбай, Бостандық және Медеу аудандарындағы проблемалық учаскелер ерекше бақылауға алынған.
Қала әкімдігі иесіз желілерді кезең-кезеңімен коммуналдық меншікке қабылдап, кейін оларды «Алатау Жарық Компаниясының» қарауына беруді жоспарлап отыр. Бұл жұмыс аясында желілердің тиесілігін анықтау, техникалық құжаттаманы реттеу және есеп жүйесін біріздендіру шаралары жүргізіледі.
Аталған бастамалар апаттық жағдайларды азайтып, электрмен жабдықтау сапасын жақсартуға және қала инфрақұрылымының тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

