Акцияға «Болашақтың қайнары» атты су саласындағы алғашқы еріктілер қозғалысына қабылданған жергілікті мектеп оқушылары да қосылды. Іс-шара кезінде бұлақ көздерінің табиғи арнасы ашылып, қалпына келтірілді, сондай-ақ аумақ қоқыстан тазартылып, көшет отырғызылды.
«Қазақ халқы ежелден-ақ су көзін таза ұстауды, оны ластамауды дәстүрге айналдырған. Бұл – ата-бабадан қалған аманат. Біз – аға буын, сол дәстүрді кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Бұл тек экология емес, тәрбие құралы. Табиғатты сақтау – ұрпаққа қалдыратын ең үлкен мұра», – деді Жетібай ауылының ақсақалы Қалмахан Бекмағамбетов.
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясын ұйымдастырған болатын. Биыл наурыз айында өткен алғашқы кезең Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстарын және Шымкент қаласын қамтыды.

