Павлодар облысында полиция қызметінің тиімділігін арттыру және азаматтармен ашық байланыс орнату мақсатында "Жолда қабылдау" республикалық акциясы жаңа цифрлық форматта жүзеге асырылуда. Павлодар қаласы, Успен ауданы және Екібастұз қаласында өткен онлайн іс-шаралар тұрғындармен тікелей диалог орнатудың заманауи үлгісіне айналды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Полиция жұмысының басты тиімділік өлшемі – халықтың сенімі болғандықтан, тәртіп сақшылары әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирлер ұйымдастырып, азаматтардың сұрақтарына жедел жауап берді. Онлайн қабылдау форматында әкімшілік полиция, қоғамдық қауіпсіздік қызметі және көші-қон саласының мамандары тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерді түсіндірді.
Павлодар қаласында өткен тікелей эфир барысында тұрғындар жол қауіпсіздігі, мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі және полиция қызметінің құқықтық аспектілері бойынша сұрақтар қойды. Азаматтар жеке жағдайлармен қатар, жұмысқа орналасу, жүргізуші куәлігіне қатысты мәселелерді де көтерді.
Полиция мамандары әрбір сұраққа толық әрі жедел жауап беріп, әлеуметтік желілердің халықпен кері байланыс орнатудағы тиімді құралға айналғанын атап өтті.
— Біздің міндетіміз — азаматқа барынша жақын болу. Бүгінде әлеуметтік желілер халықпен тұрақты байланыс орнатудың маңызды алаңына айналды, — деді полиция өкілдері.
Успен ауданында "Жолда қабылдау" акциясы кеңейтілген форматта ұйымдастырылып, оған жастар орталығының белсенділері мен жас жол инспекторлары қатысты. Кездесудің негізгі тақырыбы электровелосипедтерді пайдалану ережелері мен жол қозғалысы қауіпсіздігі болды.
Полицейлер заңнамадағы соңғы өзгерістерді түсіндіріп, жылдамдық режимі мен қауіпсіздік талаптарына ерекше назар аударды. Жас инспекторлар өз кезегінде құрдастарына жолдағы тәртіп пен мұқият болудың маңызын жеткізді.
— Біздің мақсатымыз — тек ережелерді түсіндіру емес, жолдағы өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру, — деді Успен аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары.
Екібастұз қаласында "Жолда қабылдау" акциясы толықтай онлайн форматта өтті. Әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік қызметінің мамандары тұрғындармен тікелей эфирде байланысып, сұрақтарға жауап берді.
Көтерілген мәселелер жол қозғалысы ережелерінен бастап құқықтық кеңестерге дейінгі түрлі бағыттарды қамтыды. Азаматтар жол қауіпсіздігін жақсарту бойынша ұсыныстарын да белсенді түрде жеткізді.
Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай формат тек шағымдарды қабылдау алаңы емес, сонымен қатар нақты ұсыныстар мен тиімді шешімдер талқыланатын ашық платформаға айналған.
— Біздің мақсатымыз — халықпен 24/7 байланыста болу. Онлайн-қабылдау әрбір азаматтың үнін естіп, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, — деді әкімшілік полиция өкілдері.
Жалпы алғанда, Павлодар өңірінде өткен онлайн қабылдаулар полиция мен тұрғындар арасындағы сенімді нығайтуға, өзекті мәселелерді дер кезінде анықтауға және жедел шешуге мүмкіндік берді. Цифрлық форматтағы ашық диалог қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеріп отыр.

