Алматы өңірінде өрт қаупі жоғары маусымға дайындық аясында орманды қорғау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «ҚазӘуеОрманқорғау» РМК авиациялық бөлімшесінің басшысы Бекзат Байшалов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта мамандарды оқыту, техниканы тексеру және орман алқаптарын әуеден бақылауға арналған авиацияны дайындау жұмыстары толық қолға алынған. Қыс мезгілінде авиациялық-өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері арнайы оқу курсынан өтіп, емтихан тапсырған. Сонымен қатар, орман иелерімен бірлесіп, төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету алгоритмдері келісілген.
Өрт сөндіру үшін авиация ресурстары да нақты жоспарланған: ұшақтар 424 сағат 54 минутқа, 2–3 класты тікұшақтар 337 сағат 55 минутқа, ал 1 класты тікұшақтар 96 сағат 31 минутқа дайындалған. Бұл шалғай және қолжетімсіз аумақтардағы өрт ошақтарына дер кезінде жетуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда ең күрделі жағдай Іле өзені маңында тіркеліп отыр. Мұнда тұрғындардың шаруашылық мақсатта от жағуынан 9 өрт оқиғасы орын алған.
Мекеме мәліметінше, орманды әуеден бақылау мен алдын алу шаралары күшейтіліп, барлық қызметтер жоғары дайындық режимінде жұмыс істеуде.

