Жаңа Конституция жобасында меншік нысандарының барлық түрін бекіту ұсынылды. ҚР Конституциялық соты төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, 8-баптың 1-тармағын жаңа редакцияда ұсыну көзделіп отыр: «Қазақстан Республикасында барлық меншік түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады».
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев адамның тұрғын үйге деген құқығын оның қауіпсіздігі мен өмірінің іргелі элементі ретінде бекітудің маңызын атап өтті.
«Баспанада тұруға және одан шығаруға қатысты дауларды тек сот қана шешуге тиіс. Сондықтан Конституцияда келесідей норманы бекіту ұсынылады: сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға да, баспанадан шығаруға да жол берілмейді. Біреулер бұл қолданыстағы заңдарда онсыз да бар деп айтуы мүмкін. Бірақ бұл қағиданы негізгі құқықтық құжатта бекіту оның заңды тұрақтылығын қамтамасыз етеді», – деді Ластаев.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл сондай-ақ жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың анағұрлым орнықты әрі ашық жүйесін қалыптастыратынын атап өтті. Ол құқықтық айқындықты жүйелі түрде күшейтіп, сот арқылы қорғау тетіктерін кеңейтеді және адамға бағдарланған тәсілді мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаты ретінде бекітеді.
«Жаңа Конституция жобасы азаматтар күнделікті өмірде бетпе-бет келетін жағдайларды ескереді және адамның негізгі құқықтарына нұқсан келтіруі мүмкін шешімдердің алдын алуға бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда, ол әділеттілікке, қауіпсіздікке және адамның қадір-қасиетін құрметтеуге қатысты қоғамдық сұранысқа жауап береді. Жүргізілген жұмыстың нәтижелері мен талқылаудың ауқымын ескере отырып, ұсынылған жоба азаматтардың мүдделерін көрсететін әрі олардың күтулеріне сай келетін құжат ретінде жалпыұлттық референдумға шығарылып, қолдау таба алады», – деді Артур Ластаев.
Өз кезегінде ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева аталған норманы қолдап, оның балалардың мүддесін қорғаудағы маңызын атап өтті.
Динара Зәкиеванің айтуынша, тәжірибеде әртүрлі өмірлік жағдайларға, соның ішінде ата-анасынан немесе асыраушысынан айырылуына байланысты балалардың жалғыз баспанасынан айырылып қалу қаупіне тап болатын жағдайлар жиі кездеседі.
«Осы орайда, Конституциялық реформа аясында адамның өмірлік жағдайын, әсіресе балалар мүддесін ескермей тұрғын үйден шығаруға жол бермейтін қосымша кепілдіктер бекітуіміз маңызды деп санаймыз», – деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Оның айтуынша, сот шешімінсіз тұрғын үйден шығаруға жол бермеуді Конституцияда бекіту әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасқанымыздың және адамның қадір-қасиетіне деген құрметтің айғағы.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева елдегі саяси үрдістің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасында барлық өтпелі ережелерді нақтылап жазу қажет екендігіне назар аударды. Ең алдымен, жаңа Конституцияның тәртібі мен күшіне ену мерзімдерін біржақты етіп анықтау қажет екенін атап өтті.
«Жобада оның ережелері нақты қай сәттен бастап күшіне енетінін бекіту керек. Республикалық референдумның нәтижелері ресми жарияланған күннен бастап па, әлде нақты белгіленген өзге күннен бастап па? Сондай-ақ өтпелі кезеңдегі қазіргі мемлекеттік билік органдарының мәртебесі туралы мәселені реттеу керек. Қазіргі Парламент өз өкілеттігін қай сәтке дейін жүзеге асыратынын анықтау қажет, Құрылтай сайлауы қандай мерзімде және қандай тәртіппен өткізіледі? Менің ойымша, бұл мәселелерді заңнамалық функцияны жүзеге асырудың үздіксіздігін қамтамасыз етіп, оның ішінде Конституцияның институционалдық жаңашылдықтарын іске асыру қажеттілігін ескере отырып қарастыру керек», – деді Снежанна Имашева.
Оның айтуынша, өтпелі ережелерде Конституциялық сот, Орталық сайлау комиссиясы және Жоғары аудиторлық палатаның жаңа құрамын қалыптастыру тетіктерін қарастыру маңызды. Бұған қоса, негізгі мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларын тағайындау тәртібі де регламенттеуді талап етеді.
Депутаттың айтуынша, қазіргі заңнаманы қолдану мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Осыған байланысты жаңа Конституцияның жобасында Конституция күшіне енген күні қолданылып жүрген заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер күшін сақтайды ма және олар қандай мерзімде ережелерге сәйкестендірілуге тиіс екенін нақты белгілеу қажет.
«Аталған ережелерді бекіту құқықтық айқындылықты, мемлекеттік институттардың жұмыс істеуін болжауды және өтпелі кезеңдегі әрбір органның өкілеттіктерінің шегін нақты белгіленуін қамтамасыз етеді», – деп қорытындылады Снежанна Имашева.
Конституциялық комиссияның келесі отырысы 11 ақпанда өтеді.

