Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «2025 жылдың 11 айында Шымкент қаласы аумағында тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша атқарылған жұмыстар мен көрсеткіштер» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Іс-шара барысында Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Көпжан Төлебаев салада атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде жан-жақты мәлімет берді.
Баяндамашының айтуынша, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, биыл мамыр айынан бастап кез келген кәмелетке толған азамат Orken.otbasybank.kz сайты арқылы тұрғын үй алу тізіміне онлайн тіркеле алады. Осы өзгерістер аясында «Отбасы банк» АҚ-ына ұлттық даму институты мәртебесі беріліп, тұрғын үй кезегіне қою және мемлекеттік қолдау шараларын бөлу үдерісі толықтай автоматтандырылған. Қазір қалада тұрғын үй алу кезегінде 83 599 азамат тіркеліп тұр. Жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында да бірқатар жұмыс атқарылған. Биыл жоспарға сәйкес 379 отбасыға, сондай-ақ 2024 жылдан қалған 165 отбасыға тұрғын үй бөлу көзделген. Бұл жұмыстар «Отбасы банк» АҚ-ымен бірлесіп, түгендеу нәтижелеріне сәйкес жүргізіліп жатыр. Тұрғын үйлер бөлінгеннен кейін жалдау шартын жасау тұрғын үй басқармасының құзыретінде. «Жалдау шартының негізгі талаптарына тұрғынжайды мақсатына сай пайдалану және жалдау ақысын уақытылы төлеу кіреді. Осы талаптардың орындалуын бақылау мақсатында жыл басынан бері 30 көпқабатты тұрғын үй тексеріліп, 51 азаматқа ескерту беріліп, заңбұзушылықтар қалпына келтірілді. Сонымен қатар жалдау ақысына қатысты берешегі бар 1 585 адамға сотқа дейінгі хабарлама жіберіліп, биыл 30 қарашаға дейін 1,22 млн теңге қаражат өндірілді», деді спикер

