Алматыда Astana Motors зауыттарында автокөлік өндірісі жаңа технологиялық деңгейге көтерілді

Алматыда Astana Motors зауыттарында автокөлік өндірісі жаңа технологиялық деңгейге көтерілді

Алматы қаласы соңғы жылдары Қазақстандағы автокөлік өнеркәсібінің негізгі орталықтарының біріне айналып келеді. Бұған Astana Motors компаниясының ауқымды өндірістік жобалары айқын дәлел. Қыркүйек айында іске қосылған Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (AMMKZ) жаңа зауытына журналистер мен автосарапшылардың арнайы баспасөз туры ұйымдастырылып, отандық автокөлік өндірісінің қалай дамып жатқанын көзбен көруге мүмкіндік берілді. Сапар барысында сондай-ақ жаңартылған Hyundai Trans Kazakhstan зауыты мен автоқұрамдас бөліктер технопаркі таныстырылды.

2025 жылы Astana Motors автокөлік өнеркәсібіндегі локализация көшбасшысы ретінде танылып, өндірісті жергіліктендіруге қосқан үлесі үшін марапатталды. Бұл марапат компанияның Қазақстандағы өнеркәсіптік саясатқа және өңдеу секторын дамытуға қосқан нақты үлесін көрсетеді. Astana Motors бүгінде автокөлік өндірісін жай жинақтаудан толық циклді, жоғары технологиялы өнеркәсіпке көшіру бағытын жүйелі түрде жүзеге асырып отыр.

Баспасөз турының негізгі нысаны – Алматының индустриялық аймағында орналасқан Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыты болды. Бұл – ТМД аумағындағы алғашқы толық циклді мультибрендтік зауыттардың бірі. Мұнда Chery, GWM (Haval, Tank) және Changan брендтерінің автокөліктері өндіріледі. Зауыттың жобалық қуаты жылына 120 мың автокөлікті құрайды және екі ауысымда жұмыс істеуге бейімделген. Жалпы инвестиция көлемі 215 млрд теңгеге жетті.

AMMKZ зауытының басты ерекшелігі – өндірістің жоғары деңгейде роботтандырылуы. Дәнекерлеу және бояу желілері толық автоматтандырылған, ал өндірістің барлық кезеңдерінде 54 робот қолданылады. Бұл технологиялық шешімдер өнім сапасының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, адам факторына тәуелділікті азайтады. Алғашқы кезеңде Chery Tiggo 2 Pro, Haval Jolion және Changan CS55 Plus модельдерінің толық циклді өндірісі жолға қойылды. Техникалық жабдықтау бір мезетте 12 модельге дейін шығаруға мүмкіндік береді, бұл нарық сұранысына жедел бейімделуге жол ашады.

Зауыт толық қуатқа шыққан кезде өндірілген өнімнің шамамен 40 пайызы ішкі нарықта сатылып, 60 пайызы экспортқа бағытталмақ. Бұл Қазақстанның Орталық Азиядағы өңірлік автокөлік өндірісі орталығы ретіндегі позициясын күшейтуге мүмкіндік береді. Кәсіпорында барлығы 3600 жұмыс орны ашылған, оның ішінде 430-ы кеңсе қызметкерлеріне тиесілі. Өндірістік ғимараттармен қатар қызметкерлерге арналған асхана, спорт залдары, кітапхана, демалыс аймақтары мен қысқы бақ қарастырылған. Бұл нысандар зауыт аумағының шамамен 20 пайызын немесе 25 мың шаршы метрді құрайды.

Автокөлік өндірісіндегі локализацияны арттыруда автоқұрамдас бөліктер технопаркі маңызды рөл атқарып отыр. Astana Motors технопаркі 100 мың шаршы метр аумақты қамтиды. Мұнда автокөлік орындықтары, мультимедиялық жүйелер өндірісі және логистикалық хаб жұмыс істейді. Технопаркке салынған инвестиция көлемі 21,5 млрд теңгені құрап, 600 жаңа жұмыс орны ашылды. Компания алдағы 5 жыл ішінде автокомпоненттер өндірісі арқылы локализация деңгейін 51 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. 2026 жылы жылыту және кондиционерлеу жүйелерін өндіруді іске қосу көзделген.

Баспасөз туры аясында Hyundai Trans Kazakhstan зауыты да таныстырылды. Бұл кәсіпорын жылына 50 мың автокөлік шығарады. 2025 жылдың алғашқы 10 айында зауытта 43 665 автокөлік өндірілді, ал 2020 жылдан бері жалпы шығарылым 209,4 мың бірліктен асты. Биыл зауытты жаңғыртуға 8,5 млрд теңге инвестиция салынып, 17 робот орнатылды. Нәтижесінде дәнекерлеу және бояу жұмыстарының үлесі 50 пайыздан асты, ал қызметкерлер саны 1700 адамға жетті.

Жалпы алғанда, Astana Motors жүзеге асырып жатқан жобалар Алматыда жоғары технологиялы өнеркәсіптің дамып келе жатқанын көрсетеді. Роботтандыру, локализация және экспортқа бағдарланған өндіріс қаланың экономикалық әлеуетін арттырып, Қазақстанның автокөлік өнеркәсібін жаңа сапалы деңгейге шығарып отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Астанада Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында жалпыхалықтық талқылау нәтижесінде түскен ұсыныстар, сондай-ақ жаңа...

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова жаңа...

В ходе девятого заседания Комиссии по конституционной реформе директор Института философии, политологии и религиоведения Айгуль Садвакасова...

Ауа-райының нашарлауына, боранға, көктайғаққа, қатты желге және нөлдік көрінуге байланысты ТЖМ құтқарушылары қар құрсауынан 96 адамды, оның ішінде 9...