Түркістан облысында өңір экономикасын әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын құру және инвестициялық тартымдылықты арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы міндеттер аясында Сауран ауданында өндіріс саласы қарқынды дамып, аудан индустриялық өсімнің маңызды орталықтарының біріне айналып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, ауданда өндіріс орындарын ашуға басымдық беріліп, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде.
Жыл басынан бері Сауран ауданында 124 өндірістік жоба құрылысты бастап кетті. Оның ішінде 35 жоба жыл соңына дейін толық аяқталып, іске қосылды. Бұл көрсеткіш аудан экономикасының өсу қарқынын айқын көрсетіп, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға оң әсерін тигізіп отыр. Қалған жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып, алдағы уақытта өндірістік қуатты одан әрі арттыруды көздейді.
Өндірістік нысандар негізінен Шаға, Иассы, Қарашық, Жүйнек және Үшқайық ауылдық округтерінде шоғырланған. Бұл елді мекендерде инженерлік инфрақұрылымның қолжетімділігі, көлік қатынасының ыңғайлылығы және жер телімдерінің болуы өндіріс орналастыруға қолайлы жағдай жасап отыр. Ауылдық округтерде цехтардың ашылуы тек өндірістің дамуына ғана емес, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға да ықпал етуде.
Ауданда жүзеге асырылып жатқан өндірістік жобалардың бағыттары әртүрлі және нақты сұранысқа бейімделген. Құрылыс материалдарын шығаратын 36 цехтың іске қосылуы өңірде тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымдық жобаларды жергілікті өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті азайтып, құрылыс саласының шығындарын төмендетуге ықпал етеді. Сонымен қатар жиһаз өндірісіне бағытталған 35 цехтың ашылуы ішкі нарықты отандық өніммен толықтырып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп отыр.
Азық-түлік өнімдерін өндіретін 25 цехтың іске қосылуы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жұмысты күшейтеді. Бұл өндірістер жергілікті шикізатты пайдалану арқылы қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі арасындағы байланысты күшейтуде. Сонымен қатар резеңке және пластмасса бұйымдарын өңдейтін 8 цех, тігін және электротехникалық бағыттағы өндірістер де аудан экономикасының әртараптануына өз үлесін қосуда.
Сауран ауданында дәрі-дәрмек өндіретін бір өндіріс орнының іске қосылуы да маңызды қадам болып саналады. Бұл жоба денсаулық сақтау саласына қажетті өнімдерді жергілікті жерде өндіруге жол ашып, стратегиялық маңызы бар бағыттардың дамуына негіз қалайды. Ауыл шаруашылығы жабдықтарын жасайтын 8 цех пен қағаз өңдейтін өндірістің іске қосылуы да ауданның өндірістік әлеуетін кеңейтіп, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, өндірістік жобалардың қарқынды жүзеге асырылуы Сауран ауданының индустриялық әлеуетін айтарлықтай арттырып отыр. Бұл үдеріс жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халық табысының өсуіне және аудан бюджетінің кіріс көздерінің ұлғаюына оң әсерін тигізуде. Өндіріс саласының дамуы әлеуметтік инфрақұрылымның жаңаруына, қызмет көрсету сапасының артуына және жастардың еңбекпен қамтылуына да мүмкіндік береді.
Сауран ауданындағы бұл өзгерістер Түркістан облысының жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, өңірді тұрақты даму жолына бағыттауда. Алдағы кезеңде өндіріс көлемін ұлғайту, энергия тиімді технологияларды енгізу және экологиялық талаптарды сақтау арқылы ауданның индустриялық дамуы жаңа деңгейге көтеріледі деп күтілуде.

