Алматыда өткен баспасөз конференциясында қоршаған ортаға түсетін әсерді азайтуға бағытталған бірлескен шаралар талқыланып, Ядролық физика институтының экологиялық бақылау саласындағы жұмысы таныстырылды. Институт өкілдері экологиялық қауіпсіздік, радиациялық бақылау және заманауи технологияларды енгізу бағытында атқарылып жатқан жүйелі іс-шаралар туралы баяндады. Ядролық физика институты еліміздегі жетекші ғылыми-техникалық орталықтардың бірі ретінде ядролық технологиялар мен радиоэкологиялық зерттеулерді кешенді түрде жүзеге асырып келеді.
Институт қызметінің маңызды бағыты радиоэкологиялық бақылаумен тығыз байланысты. Жыл сайын бұрынғы полигондарда, ядролық нысандар маңында, уран өндіретін кәсіпорындар орналасқан және экологиялық тәуекелі жоғары аумақтарда кең көлемді мониторинг жүргізіледі. Мамандар топырақ, су және өсімдік үлгілерін алып, олардың жағдайын тұрақты түрде зерттейді. Сонымен қатар институт аумағында да өндірістік бақылау жүргізіліп, ауа, су және қалдықтарға қатысты көрсеткіштер қадағаланады. Трансшекаралық өзендер мен басқа да табиғи нысандардың жағдайы да назардан тыс қалмайды.
Экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізу институт жұмысының тағы бір маңызды бөлігі саналады. Радиациялық стерилизация әдістері химиялық реагенттерді қолдануды азайтып, медициналық бұйымдарды қауіпсіз өңдеуге мүмкіндік береді. Материалдарды радиациялық модификациялау технологиялары өндірісте зиянды шығарындыларды болдырмай, экологияға түсетін салмақты төмендетеді. Институт аумағында қалдықтарды басқару, шаң мен газды тазалау, көліктен шығатын зиянды бақылау және жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында институт аумағында жасыл желек көлемі ұлғайтылып, ағаштар мен бұталар отырғызылды. Сонымен қатар санитарлық-қорғау аймағының жаңа жобасы әзірленіп, алдағы кезеңде жылыту жүйесін газға көшіру жоспарланып отыр. Бұл шаралар Ядролық физика институтының экологиялық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарап, халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеуіне негіз болып отыр.

