Алматы қаласында жыл басынан бері экологиялық сананы қалыптастыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы кезең ішінде қала жастарының белсенді қатысуымен 500-ден астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, олар 570 мыңнан астам жасты қамтыды. Бұл бастамалар жастар арасында табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін нығайтуға және қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Жаз және күз айларында қаланың барлық аудандарында көшпелі форматта өткен «EcoQala Fest» фестивалі экологиялық тақырыпты заманауи әрі қолжетімді түрде жеткізуге мүмкіндік берді. Аталған фестивальге мыңдаған жас қатысып, экологияға қатысты түрлі интерактивті алаңдар мен жобаларға атсалысты. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде өткен #ТазаSnap, #EcoSortChallenge және #EcoStyleDay онлайн челлендждері жастардың кең ауқымын қамтып, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мен экологиялық әдеттерді насихаттауға ықпал етті.
Жастар жаңа форматтағы жобалар арқылы да экологиялық бастамаларға белсенді араласты. «Jastar Talks» подкастында еріктілер экология, қала тазалығы және тұрақты даму мәселелерін талқылады. Ал «EcoБақылау» рейдтері барысында санитарлық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізіліп, бірқатар заңбұзушылықтар мен рұқсатсыз қоқыс орындары анықталды. Бұдан бөлек, қала аумағында ірі сенбіліктер мен арнайы экологиялық акциялар ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары жүйелі түрде атқарылды.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында жастар пластик қалдықтарды жинап, оларды қайта өңдеудің маңызын көрсететін арт-нысандар жасады. Мыңдаған пластик қақпақтан жасалған орындықтар экология мен шығармашылықтың үйлесімін көрсетті. Экология тақырыбындағы байқаулар, кездесулер, дәрістер мен пікірталастар да жастардың қызығушылығын арттырды. Нәтижесінде жүздеген гектар жер тазартылып, жүздеген тонна қоқыс жиналды. Бұл жұмыстар Алматыда экологиялық мәдениеттің қалыптасуына және жастардың қала экожүйесін сақтауға белсенді үлес қосуына негіз болды.

