Түркістан облысында соңғы жылдары өнеркәсіп пен өңдеу саласын дамытуға бағытталған жүйелі саясат нақты нәтижелерін беріп келеді. Бұл үрдіс өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға мүмкіндік жасап отыр. Осы бағыттағы жұмыстардың барысы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында кеңінен баяндалды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген экономиканы әртараптандыру, жоғары технологиялы өндірістерді дамыту және инновациялық индустрияға көшу міндеттері Түркістан өңірінде кезең-кезеңімен іске асырылуда. Өңірде сырттан әкелінетін тауарларға талдау жүргізіліп, құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия және тамақ өндірісі салаларында импорттың басым екені анықталған. Бұл тауарлардың жылдық импорт көлемі шамамен 98 млрд теңгені құрайды. Осыған байланысты аталған өнімдерді жергілікті жерде өндіруге басымдық беріліп, инвесторлармен нақты келіссөздер жүргізілген.
Қазіргі таңда Түркістан облысындағы 20 индустриалды аймақта жалпы құны 152 млрд теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар толық іске асқанда 6 361 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінгі күнге дейін 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба пайдалануға берілген. Нәтижесінде 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар «Turan» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 211,8 млрд теңгені құрайтын 28 ірі жоба қолға алынған. Бұл алаңдар инвесторларға дайын инфрақұрылым, логистикалық қолжетімділік және салықтық жеңілдіктер ұсыну арқылы өндірісті жедел іске қосуға мүмкіндік беріп отыр.
Өнеркәсіп саласындағы өсім нақты көрсеткіштермен де дәлелденіп отыр. Жыл басынан бері 10 айдың ішінде облыста 107 млрд теңгеге 22 өнеркәсіп жобасы іске асырылып, 2 443 жаңа жұмыс орны ашылды. Аталған жобалардың қатарында Созақ ауданындағы табиғи уран өңдеу кешені, Отырар ауданындағы мақта өңдеу зауыттары, Түлкібас ауданындағы сусын шығаратын кәсіпорын, Сайрам ауданындағы заманауи ет комбинаты және Ордабасы ауданындағы алюминий бұйымдарын өндіретін зауыт бар. Бұл өндірістер халықаралық талаптарға сай жұмыс істеп, ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған. Жыл соңына дейін қосымша 8 өнеркәсіп жобасын іске қосу жоспарланып отыр.
Өңірде шағын және орта өндірістерді дамытуға да ерекше назар аударылуда. Түркістан қаласы маңында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жоба аясында 152 ғимарат салынып, 6 040 жұмыс орнын құру көзделген. Алғашқы кезеңде 40 ғимарат пайдалануға беріліп, 32 жоба іске қосылды. Соның нәтижесінде 1 220 адам жұмыспен қамтылып, бюджеттен бөлінген әрбір теңгеге 8,5 теңге жеке инвестиция тартылды. Бұл алаңдарда жиһаз, жаңбырлатып суару жүйелері, сусын, мұздатқыш және құрылыс материалдарын өндіретін зауыттар жұмыс істей бастады. Осы арқылы 27 млрд теңгеге импорттық тауарлар алмастырылды.
Өндірістік алаңдар тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да белсенді түрде құрылуда. Сауран ауданында жеке инвестиция есебінен 55 гектар аумақта бірнеше шағын өндірістік алаң ашылып, онда ондаған жоба жүзеге асырылуда. Ордабасы ауданында да жаңа өндірістік аймақтар қалыптасып келеді. Бұл бастамалар ауылдық жерлерде жұмыс орындарын көбейтіп, халықтың табысын арттыруға мүмкіндік беруде.
Жалпы алғанда, индустриалды аймақтар, арнайы экономикалық аймақтар мен шағын өндірістік парктердің тиімді жұмысы нәтижесінде Түркістан облысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 10 айдың қорытындысымен 1,3 трлн теңгеге жетіп, өсім 113,4 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш өңірдің экономикалық әлеуеті нығайып, тұрақты дамуға бет алғанын айқын көрсетеді.

