Түркістан облысында мақтадан дайын киімге дейінгі толық өндірістік циклді қамтитын ірі кластер іске асырылады

Түркістан облысында мақтадан дайын киімге дейінгі толық өндірістік циклді қамтитын ірі кластер іске асырылады

Түркістан облысында агроөнеркәсіп саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Қазақстан Үкіметі Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында шитті мақтаны өсіру және оны терең өңдеу бойынша инвестициялар туралы келісім жасасуды мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Бұл бастама Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту, өндірісте озық агротехнологияларды енгізу және өңделген өнім үлесін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында қабылданды.

Жобаның негізгі мақсаты – мақта өсіруден бастап дайын тоқыма және киім өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыру. Осы арқылы өңірде қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік беретін заманауи агроөнеркәсіптік кластер құру көзделіп отыр. Кешен Отырар ауданы мен Арыс қаласының аумағында орналасады. Мұнда жалпы көлемі 60 мың гектарды құрайтын суармалы жерлерде мақта өсіріліп, Орталық Азиядағы ең ірі мақта шаруашылықтарының бірі қалыптасады деп жоспарлануда. Жоба іске асқан жағдайда 1,4 мыңнан астам тұрақты және 300-ден астам маусымдық жұмыс орны ашылады.

Инвестор ретінде Қытай Халық Республикасының Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd. компаниясы тартылған. Жобаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңінде 58 млрд теңгеден астам инвестиция салу көзделіп отыр. Ал шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 200 млрд теңгеден асады. Бұл көрсеткіштер Премьер-министр Олжас Бектенов пен Xinjiang Lihua компаниясының басшысы Чжан Цихай арасындағы келіссөздер барысында бұрыннан белгілі болған уағдаластықтардың нәтижесі саналады. Инвестициялар өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және өңдеу қуаттарын іске қосуға бағытталады.

Жоба аясында Қазақстанда бұрын кең көлемде қолданылмаған бірқатар технологиялық шешімдер енгізіледі. Атап айтқанда, су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін жоғары өнімді тамшылатып суару жүйесі қолданылады. Бұл жүйе 196 сорғы стансасын, ұзындығы 500 шақырымнан асатын суару және тарату арналары желісін, үш ірі сорғы кешенін және үш трансформаторлық қосалқы стансаны қамтиды. Сонымен бірге тыңайтқыштарды егістікке интеграцияланған әдіспен беру жүйесі енгізіледі. Ауыл шаруашылығы жұмыстарына әлемдік жетекші өндірушілердің жоғары қуатты тракторлары, мақта жинау машиналары, бүріккіштер және мамандандырылған құрылыс техникалары пайдаланылады.

Кластер аумағында тек ауыл шаруашылығы ғана емес, өндірістік өңдеу де дамытылады. Атап айтқанда, полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу, сондай-ақ тамшылатып суару жүйелеріне арналған құрал-жабдықтар мен иілгіш құбырлар шығару желісін іске қосу жоспарланған. Бұл қадам импортқа тәуелділікті азайтып, өндірістік шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, мақта өсіруден бастап иірілген жіп, мата және дайын киім өндірісіне дейінгі тұйық әрі толық өндірістік цикл қалыптасады.

Қазіргі таңда Қазақстанда жыл сайын 70–75 мың тонна мақта талшығы өндіріледі, оның шамамен 85 пайызы шетелге экспортталады. Жаңа кластерді іске асыру ішкі нарықта терең өңделген өнім үлесін арттырып, дайын тоқыма бұйымдарын өндіруді кеңейтуге жол ашады. Бұл отандық тоқыма өнеркәсібінің өндірістік базасын нығайтып қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға да ықпал етеді. Сонымен қатар жоба шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Логистика, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу, қосалқы бөлшектер мен қайта өңдеу қызметтері сияқты ілеспе салаларда жаңа мүмкіндіктер пайда болады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Түркістан облысы дәстүрлі түрде еліміздегі мақта өсірудің негізгі орталығы болып саналады. Бүгінде мақта облыстың егіс алқаптарының 15,9 пайызын алып отыр. Биыл өңірде 144,5 мың гектар жерге мақта егілген, оның ішінде 50 мың гектар алқапта тамшылатып суару технологиясы қолданылған. 2025 жылы орташа өнімділік гектарына 29,6 центнерді құрап, жалпы 428 мың тонна шитті мақта жиналды. Бұл соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Мұндай нәтижеге суды үнемдейтін технологияларды кеңінен енгізу және агротехникалық шараларды жүйелі түрде жүзеге асыру арқылы қол жеткізілді.

Жаңа кластер осы жетістіктерді одан әрі дамытып, Түркістан облысын тек шикізат өндіруші емес, дайын тоқыма өнімдерін шығаратын ірі өндірістік орталыққа айналдыруды көздейді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Астанада Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында жалпыхалықтық талқылау нәтижесінде түскен ұсыныстар, сондай-ақ жаңа...

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова жаңа...

В ходе девятого заседания Комиссии по конституционной реформе директор Института философии, политологии и религиоведения Айгуль Садвакасова...

Ауа-райының нашарлауына, боранға, көктайғаққа, қатты желге және нөлдік көрінуге байланысты ТЖМ құтқарушылары қар құрсауынан 96 адамды, оның ішінде 9...