Сарыағаш ауданында құс шаруашылығы мен өңдеу өндірісі ауыл экономикасын нығайтып келеді

Сарыағаш ауданында құс шаруашылығы мен өңдеу өндірісі ауыл экономикасын нығайтып келеді

Түркістан облысында жұмыспен қамтуды арттыру және ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы саясат нақты нәтижесін беріп келеді. Осы тұрғыда Сарыағаш ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар өңір экономикасының әртараптануына және ауыл тұрғындарының тұрақты табыс табуына мүмкіндік жасап отыр. Ауданда құс шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беріліп, өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев Дарбаза ауылдық округінде орналасқан «Сарыағаш құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысып, кәсіпорынның даму бағытына оң бағасын берді. Аудан басшысы өндірістік нысанды аралау барысында кәсіпорын басшылығымен кездесіп, ауыл шаруашылығы саласындағы мұндай жобалардың әлеуметтік-экономикалық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті өндірістерді қолдау арқылы аудан тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге болады.

«Сарыағаш құс» ЖШС директоры Мұрат Талманның мәліметінше, бүгінде серіктестік жұмыртқа өндіру бағытына маманданған және кәсіпорында 96 мың бас құс өсірілуде. Өндірілген жұмыртқалар аудан мен облыс көлеміндегі сауда орындарына жеткізіліп, халықты күнделікті тұтынуға қажетті сапалы өніммен қамтамасыз етіп отыр. Бұл жергілікті нарықтағы импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өнім үлесін арттыруға ықпал етеді.

2025 жылы серіктестік өндіріс аясын кеңейту мақсатында қосымша 50 мың басқа арналған жаңа құс фабрикасының құрылысын жүргізіп, оны пайдалануға берді. Жаңа өндірістік нысанда орнатылған заманауи жабдықтар Германия мемлекетінен әкелінген. Бұл технологиялар құстарды күтіп-бағу, азықтандыру және өнім өндіру үдерістерін автоматтандырып, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Заманауи жабдықтарды қолдану арқылы өнім сапасын тұрақты деңгейде ұстап тұру және өндіріс тиімділігін жоғарылату көзделіп отыр.

Сонымен қатар биыл серіктестік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, құрама жем өндіретін цехтың құрылысын аяқтап, оны іске қосты. Жаңа цехтың пайдалануға берілуі кәсіпорын үшін маңызды қадам болды. Өйткені құс шаруашылығында негізгі шығындардың бірі – жемге кететін қаражат. Өз жем цехының болуы өндірістің өзіндік құнын төмендетіп, дайын өнімнің бағасын тұрақтандыруға және көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.

Сарыағаш ауданында тек құс шаруашылығы ғана емес, өңдеу саласы да қарқынды дамып келеді. Аудан әкімі Арман Абдуллаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы ауылдық округ аумағында орналасқан индустриалды аймақта салынып жатқан «Альбарака 077» ЖШС-ның өсімдік майын өндіру цехының құрылыс барысымен танысты. Жобаның уақытылы әрі сапалы жүзеге асуы аудан үшін маңызды болғандықтан, аудан басшысы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алайдар Әмірхановқа нақты тапсырмалар жүктеді.

Аталған жобаның жалпы құны 800 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорын индустриялық аймақтан 3 гектар жер теліміне орналастырылған. Цех толық іске қосылғаннан кейін 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл ауылдық жерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға тікелей әсер етеді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, ғимараттың қабырғалары көтеріліп, шатыр жабу кезеңі атқарылуда.

Сарыағаш ауданында іске асырылып жатқан мұндай жобалар ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін қатар дамытуға бағытталған. Құс шаруашылығы, құрама жем өндірісі және өсімдік майын өңдеу секілді бағыттардың дамуы аудан экономикасын нығайтып қана қоймай, қосымша құн тізбегін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл жергілікті шикізатты өңдеп, дайын өнім шығаруға жол ашады.

Жалпы алғанда, Сарыағаш ауданындағы өндірістік жобалар Мемлекет басшысы тапсырған жұмыспен қамту, ауыл экономикасын дамыту және кәсіпкерлікті қолдау бағыттарымен толық үндеседі. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы мен қолданыстағы өндірістердің кеңеюі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына және өңірдің өндірістік әлеуетінің артуына негіз қалайды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...