Түркістан облысында жылыту маусымының басталуымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың біріне айналды. Өңірде өрт қауіпсіздігі мен газ жүйелерін дұрыс пайдалану, тұрғын үйлердегі тәуекелдерді азайту және төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар облыс әкімдігінің тікелей бақылауында болып, барлық жауапты мекемелердің үйлесімді іс-қимылына негізделген.
Жылыту кезеңі басталған сайын тұрмыстық өрттер мен газдан улану қаупі артатыны белгілі. Мамандардың пайымдауынша, мұндай жағдайлардың негізгі себебі – қауіпсіздік талаптарын елемеу. Пештерді дұрыс қолданбау, мұржаларды уақытында тазаламау, электр желілерінің тозуы секілді факторлар қауіптің көзі болып отыр. Осыған байланысты өңірде профилактикалық жұмыстарға басымдық беріліп, тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған кешенді шаралар қолға алынған.
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен кеңестерде жылыту маусымындағы қауіпсіздік мәселелері жан-жақты талқыланып, сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Өңір басшысы әрбір отбасының қауіпсіздігі ортақ міндет екенін атап өтіп, түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізудің маңызын ерекше атап көрсетті. Тәртіп пен сақтықтың төтенше жағдайлардың алдын алуда шешуші рөл атқаратыны айтылып, бұл бағыттағы бақылау күшейтілді.
Статистикалық деректер де мәселенің өзектілігін көрсетеді. Жыл басынан бері облыс аумағында 300-ден астам өрт оқиғасы тіркелген. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін 2025 жылдың 15 тамызы мен 15 қыркүйегі аралығында ауқымды тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 30 мыңнан астам отбасы тұратын тұрғын үйлер қаралып, 19 805 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылығы анықталды. Олардың басым бөлігі электр сымдарының ескіруі мен мұржалардың ластануына қатысты болды. Қазіргі таңда анықталған бұзушылықтардың жартысынан көбі жойылып, шалғай ауылдардағы 18 мыңнан астам үй қайта тексеруден өтті.
Газ қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс бойынша 17 газ инспекциясы құрылып, олардың қызметін жетілдіру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Бірқатар аудандарда инспекторлардың штаты толықтырылып, заманауи техникалық құралдармен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде. Планшет, интернет және ЕРАП жүйесі арқылы газ қондырғыларының жағдайын жедел бақылау мүмкіндігі артты. Бұл шаралар газдан улану қаупін төмендетіп, тұрғын үйлердегі қауіпсіздік деңгейін көтеруге бағытталған.
Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстың маңызды бөлігі. Жыл басынан бері 150-ден астам түсіндіру және насихат іс-шарасы ұйымдастырылып, тұрғындарға нақты әрі қолжетімді ақпарат берілді. Мешіттерде жұма намазы алдында тұрмыстық өрт қауіпсіздігі мен улы газдан уланудың алдын алу тақырыптарында дәрістер өткізіліп, 20 мыңға жуық адам қамтылды. Бұл тәсіл халықпен тікелей байланыс орнатып, қауіпсіздік талаптарын күнделікті өмірде қолдануға ықпал етті.
Сонымен қатар қала көшелеріндегі және ірі сауда орталықтарындағы LED экрандарда қауіпсіздікке қатысты бейнероликтер тұрақты түрде көрсетілуде. Білім беру ұйымдарында ашық сабақтар ұйымдастырылып, оқушылар мен студенттерге өрт пен газ қауіпсіздігі бойынша практикалық нұсқаулықтар берілді. Жас буынның қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауы ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізудің маңызды шарты ретінде қарастырылуда.
Өңірде «Қауіпсіз тұрғын үй», «Қауіпсіз мұржа», «Сіріңке – бір өмірдің бағасы» және «Қауіпсіз сауда» секілді акциялар да кеңінен өткізілді. Сауда орындары мен базар иелеріне арнайы нұсқамалар беріліп, 14 базар мен 3 ойын-сауық орталығында өрт-тактикалық оқу-жаттығулар ұйымдастырылды. Бұл шаралар көпшілік жиналатын орындардағы тәуекелдерді азайтуға бағытталған.
Тұрғындардың тұрмыстық қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2025 жылдың басынан бері облыс бойынша 11 088 үйге газосигнализатор құрылғылары орнатылды. Бұл құрылғылар газдың таралуын ерте анықтап, қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып, жылыту маусымы аяқталғанға дейін облыстың барлық аудан мен ауылында кешенді түрде жүзеге асырылмақ.
Түркістан облысында қолға алынған бұл шаралар өңірдің әлеуметтік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, газдандыру мен энергияны тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді. Қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарау – әрбір тұрғынның өмір сапасын арттырып, өңірдің тұрақты дамуына негіз болатын маңызды фактор.

