Шымкент кәсіпкерлеріне халықаралық сарапшылармен жұмыс істеу мүмкіндігі таныстырылды

Шымкент кәсіпкерлеріне халықаралық сарапшылармен жұмыс істеу мүмкіндігі таныстырылды

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында Өңдеу өнеркәсібі, Жеңіл өнеркәсіп және Туризм салалық кеңестерінің бірлескен отырысы өтті. Жиынның негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге халықаралық сарапшылармен жұмыс істеу, тәжірибе алмасу және өндіріс пен бизнес процестерін жаңа деңгейге көтеру мүмкіндіктерін таныстыру болды.

Кездесуге «Қазақстандағы аға сарапшылар қызметі» бағдарламасының ресми өкілі Светлана Громова, Палата мамандары және түрлі бағыттағы кәсіпкерлер қатысып, бағдарлама жайында толық мәлімет алды.

Светлана Громова қатысушыларға аталған бағдарламаның тарихына тоқталды. Оның айтуынша, «Аға сарапшылар қызметі» бағдарламасы 1983 жылы құрылған және 40 жылдан астам уақыт бойы табысты жұмыс істеп келеді. 2003 жылдан бастап бағдарлама Германияның экономика және халықаралық серіктестік қорымен әріптестікте жұмыс істеп, бизнес құрылымдарға кәсіби қолдау көрсетуді жалғастыруда.

Бағдарламаның ерекшелігі – қомақты тәжірибеге ие, еңбек жолында өзін дәлелдеген зейнет жасындағы жоғары білікті мамандардың компанияларға кеңес беруі. Кез келген зейнеткер сарапшы бола алмайды: олар өз саласында кемінде 20 жыл еңбек етіп, нақты нәтижелерге қол жеткізген болуы керек.

Қордың бұған дейін 60 мыңнан астам халықаралық жобаға қатысқаны айтылып, бүгінде 14 мыңнан астам кәсіби сарапшы әлем елдеріндегі бизнестің дамуына үлес қосып келе жатқаны атап өтілді. Бұл – үлкен тәжірибені нақты өндірістік және бизнес процестерде пайдалану үшін зор мүмкіндік.

Шымкент кәсіпкерлерінен келіп түскен сұрақтардың басым бөлігі өндіріс тиімділігін арттыру, экспортқа шығу, жаңа технологияларды енгізу және маркетингтік дағдыларды жетілдіру сияқты мәселелерге қатысты болды. Сарапшылар бағдарламасы дәл осы бағыттарда кәсіби көмек бере алады.

Светлана Громова шетелдік сарапшы шақыру тәртібі туралы да ақпарат берді. Жергілікті кәсіпорын сарапшыға нақты мақсат қояды: өнім сапасын арттыру, қызмет көрсету стандарттарын жетілдіру, жабдықтарды жаңарту, маркетинг стратегиясын құру және т.б. Сарапшы Қазақстанға келіп немесе онлайн форматта жұмыс істей алады. Көп жағдайда сарапшылар өндірістік алаңда тікелей талдау жүргізіп, қызметкерлерге оқыту өткізеді.

Кездесу барысында шымкенттік кәсіпкерлер халықаралық тәжірибеге қызығушылық танытып, бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалану ниеттерін білдірді. Кейбір кәсіпкерлер өз өндірісіне жаңа технология енгізу үшін сарапшылар көмегіне жүгіну қажеттігін атап өтті.

Жиын қорытындысы бойынша Шымкент қаласынан бағдарламаны пайдалану үшін 9 өтінім қабылданды. Бұл – кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілік пен сапаны арттыруға деген жоғары ынтасын көрсетеді.

Кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да осындай ақпараттық-тәжірибелік кездесулер өткізіп, бизнес қауымдастығының халықаралық деңгейде дамуына жағдай жасайтынын жеткізді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...