Шымкент қаласына қоныс аударған этникалық қазақтарды қолдау бағытындағы мемлекеттік саясат жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қандастарды бейімдеу, мәртебе беру, әлеуметтік қолдау көрсету және жұмыспен қамту шаралары қалада тұрақты жүргізілуде.
2025 жылғы 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша, Шымкент қаласында 464 отбасы немесе жалпы 1045 этникалық қазақ «қандас» мәртебесін алған. Бұл – соңғы жылдары қоныстанушылардың белсенді артқанын көрсетеді. Сонымен қатар, 28 отбасындағы 30 адам өз мәртебесін тағы алты айға ұзартқан.
Қоныс аударушылардың басым бөлігі – еңбекке қабілетті жастағы азаматтар. Қазіргі таңда олардың ішіндегі еңбекке жарамды тұлғалар саны 512 адамды, ал 18 жасқа дейінгі балалар саны – 429 адамды құрайды. Бұл – қандастар қатарында жастар мен жасөспірімдердің көптігін айғақтайды.
Білім деңгейі бойынша көрсеткіштер де назар аударарлық:
• 118 қандас – жоғары білімді
• 174 адам – орта арнаулы білімді
• 189 адам – жалпы орта білімді
• 11 азаматтың білімі жоқ
Бұл статистика олардың қала экономикасына түрлі сала бойынша үлес қоса алатынын дәлелдейді.
Қандастардың басым бөлігі көршілес елдерден қоныс аударған. Олардың ішінде:
— 1029 адам – Өзбекстаннан,
— 7 адам – Қытай Халық Республикасынан,
— 7 адам – Ресейден,
— 1 адам – Қырғызстаннан,
— 1 адам – Шри-Ланкадан келген.
Жұмыс істеп жүрген қандастардың көбісі құрылыс, сауда-саттық және жалдамалы еңбек салаларында қызмет атқарады. Жергілікті еңбек нарығына бейімделу бойынша ақпараттық қолдау тұрақты көрсетілуде.
Қандастарды әлеуметтік бейімдеу жұмыстарын тиімді жүргізу мақсатында мемлекеттік қолдау тетіктері жаңартылуда. Биыл басқармаға қарасты «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» мен «№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» біріктіріліп, жаңа біріккен орталық құрылды. Бұл – қандастарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бағытында да айтарлықтай нәтижелер бар. Қазіргі таңда 30 қандас еңбек мобильділігі орталығына жүгініп, оның 22-сі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Оның ішінде:
• 13 адам бос жұмыс орындарына жолданды
• 2 азамат жастар практикасына жолдама алды
• 2 қандас қоғамдық жұмысқа орналасқан
• 1 адам жұмыс беруші базасында кәсіптік оқуға жіберілді
• 4 азамат «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлікке оқытылды
Мұндай қолдау шаралары қандастардың тұрмысын жақсартуға, жаңа ортаға тез бейімделуіне және еңбек нарығына табысты қосылуына жағдай жасап отыр.
Шымкент қаласында қандастарды қолдау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Мақсат – тарихи Отанына оралған әрбір қандасқа өңірде лайықты өмір сүруге және еңбек етуге толық мүмкіндік жасау.

