Еңбек жолымен үлгі көрсеткен маман

Еңбек жолымен үлгі көрсеткен маман

Анарбаев Қайрат Әбдрахманұлы – Шымкент қаласындағы «Қуатжылуорталық-3» МКК Север-Сайрам бөлімшесінде 5-дәрежелі электрогазбен дәнекерлеуші болып абыройлы еңбек етіп келе жатқан білікті маман. Өз ісінің шебері атану – бір күннің немесе бір жылдың еңбегі емес. Бұл – талмай ізденудің, маңдай тер мен адалдықтың нәтижесі. Қайрат Әбдрахманұлының өмір жолы осы сөздің айқын дәлелі.

Қайрат Анарбаев 1986–1989 жылдары №20 СПТУ-де газ және электр дәнекерлеуші мамандығында білім алып, кәсіби жолға сенімді қадам жасады. Жас маманның алдына қойған алғашқы мақсаты – тек жақсы қызметке тұру емес, елге пайдалы болу, қоғамға қажетті маман ретінде қалыптасу еді. Білікті ұстаздардан тәлім алған ол дәнекерлеу ісінің қыр-сырын жетік меңгеріп, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып жұмыс істеуді басты қағида етіп алды.

Еңбек жолын Сарыағаш өңіріндегі «Сарыағаш» шипажайында 1999 жылдан бастап бастаған Қайрат Әбдрахманұлы бұл мекемеде 15 жылға жуық уақыт еңбек етті. Денсаулығын жақсартуға келетін мыңдаған адамның жайлы жағдайын қамтамасыз ету – оның тікелей атқарған жұмысының нәтижесі. Қазандықтар мен инженерлік жүйелердің тоқтаусыз жұмыс істеуінде осы мамандардың қолтаңбасы бар екенін көпшілік біле бермейді. Бірақ бұл — көзге көрінбейтін, алайда аса маңызды еңбек.

2016 жылдан бастап Қайрат Анарбаев өзінің тәжірибесін энергетика саласындағы ірі өндіріс орындарының бірі — «Қуатжылуорталық-3» мекемесінде жалғастырып келеді. Қыстың қақаған аязында қаланы жылумен, жаздың аптабында жүйені үздіксіз жұмыс істеумен қамтамасыз ету — үлкен жауапкершілік. Дәл осындай қысылтаяң сәттерде дәнекерлеушілер апатты жағдайларды қалпына келтіруде ең алдымен іске кірісетін алдыңғы шептегі мамандар.

Авариялық төтенше шақтарда ол тәжірибесі мен сабырын жоғалтпай, істі жылдам әрі сапалы орындап келеді. Себебі бір қате әрекет тек техникалық ақауға емес, мыңдаған отбасының жылусыз қалуына әкелуі мүмкін. Сол себепті Қайрат Әбдрахманұлы әр жұмысты жан-жақты тексеріп, әрбір дәнекерлеу тігісіне ерекше мән береді.

Әріптестері оны сенімді, сабырлы, өз ісіне тиянақты маман ретінде жақсы көреді. Ұжымдағы ауызбіршілік пен еңбек мәдениетін сақтауға үлес қосып келеді. Жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, кәсіби тәжірибесін үйретуі – оның біліктілік деңгейінің ғана емес, адамгершілік болмысының көрсеткіші.

Отбасы Қайрат Анарбаев үшін — ең басты қуат көзі. Ол отбасында да үлгілі әке, адал жар. Балаларын еңбек сүйгіштікке, жауапкершілікке тәрбиелеуді өз міндеті санайды.

Қайрат Әбдрахманұлының кәсібіне деген құрметі мен табандылығы — еңбек адамының нағыз бейнесі. Оның маңдай термен келген жетістігі — қоғам тыныштығының, тіршіліктің тұрақтылығының негізі. Осындай мамандар барда қала тұрғындары қыс мезгілінде де жылы үйінде алаңсыз өмір сүре алады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Астанада Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында жалпыхалықтық талқылау нәтижесінде түскен ұсыныстар, сондай-ақ жаңа...

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова жаңа...

В ходе девятого заседания Комиссии по конституционной реформе директор Института философии, политологии и религиоведения Айгуль Садвакасова...

Ауа-райының нашарлауына, боранға, көктайғаққа, қатты желге және нөлдік көрінуге байланысты ТЖМ құтқарушылары қар құрсауынан 96 адамды, оның ішінде 9...