2025 жылдың үшінші тоқсанындағы ресми мәлімет бойынша, Шымкент қаласындағы жұмыссыздар саны — 22 370 адам, ал жұмыссыздық деңгейі 4,7 % құрады. Бұл мәліметтер — қаладағы еңбек нарығының тұрақтылығы мен әлеуметтік саясаттың тиімділігі туралы көрсеткіш. Биыл қолдау шаралары ауқымды жүргізіліп, жоспарланған көрсеткіштерден асып орындалды: 49 655 азаматты жұмыспен қамту көзделсе, 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 51 261 адам әртүрлі бағыттармен қамтылған — яғни, жоспар 103,2 % деңгейінде орындалды.
Бұл жеткізілген жетістік бірнеше бағытпен қамтамасыз етілді. Біріншіден, кәсіби білім беру бағдарламалары арқылы — 4 545 тұрғын кәсіби даярлықтан өтті. Оқу форматына сәйкес әртүрлі жолдар пайдаланылды: жұмыс беруші базасында оқытуға 160 адам, білім беру ұйымдарында даярлыққа — 600 адам, ал онлайн-ортада — 3 657 адам. Сонымен қатар, ваучерлік негізде 128 адам қайта даярлықтан өтті. Бұл — еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды үйреніп, бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік берген шаралар.
Екіншіден, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау да маңызды рөл атқарды. Биыл 3 127 азамат жеке бизнесін ашу немесе дамыту үшін қолдау алды. Оның ішінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 2 696 адам кәсіпкерлік негіздерге оқытылып, 431 азамат грантқа ие болды. Осылайша, жаңа бизнес-идеялар қоғамға еңбекпен қатар, кәсіпкерлік мәдениетін дамыту мүмкіндігін де берді.
Үшінші бағыт — субсидияланатын және қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастыру. 5 308 адам субсидияланатын жұмысқа жолданды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындары — 109 адам, азаматтар «Жастар практикасы» арқылы — 1 719 адам, ақылы қоғамдық жұмыстарға — 2 643 адам тартылды. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 364 жас маман, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 8 адам, «Күміс жас» жобасына 464 азамат қатысқан.
Тұрақты жұмыспен қамту бағытын да назардан тыс қалмады: бос жұмыс орындары арқылы 10 500 тұрғын қала кәсіпорындары мен ұйымдарында тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл — жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту бағытындағы маңызды қадам.
Сонымен қатар, қала 2021–2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес және кәсіпкерлердің жеке бастамалары арқылы 21 830 жаңа жұмыс орнын құруды мақсат етті. Алайда есепті кезеңде бұл көрсеткіш артығымен орындалды: 27 781 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл – жоспардан 5 951 орын артық. Яғни, жолға қойылған міндет мүлтіксіз орындалып қана қоймай, қала экономикасына жаңа серпін берілді.
Осылайша, Шымкент қаласындағы 2025 жылғы жұмыспен қамту шаралары жоспардан асып орындалды. Бұл – бір жағынан мемлекеттің, жергілікті билік пен білім беру, әлеуметтік саланың үйлесімді жұмыс істегенін, екінші жағынан қала тұрғындарының еңбекке деген ынтасы мен кәсіпкерлік белсенділігінің нәтижесі. Еңбек нарығында оң өзгерістер байқалып, жұмысқа тұрған адамдар саны артты, кәсіпкерлер мен жаңа бизнес иелері көбейді.
Жалпы алғанда, Шымкенттегі жұмыспен қамту саясаты табысын беріп отыр. Мұндай сәтті көрсеткіштер тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып, қала экономикасының тұрақтылығына, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына оң ықпал етеді. Қаланың болашағы — халықтың еңбектегі белсенділігімен, жаңа мүмкіндіктермен және кәсіпкерлік бастамалармен тығыз байланысты.

