Қаланың тіршілігі үзілмей жалғасуы үшін күн-түн демей қызмет атқарып жүрген қарапайым еңбек адамдарының еңбегі қашан да құрметке лайық. Солардың қатарында жылу энергетикасы саласында ұзақ жыл бойы қажырлы еңбек етіп, тәжірибесі мен кәсібилігін дәлелдеп келе жатқан маман — «Қуатжылуорталық-3» МКК-ның К-24 қазандығының 4-дәрежелі машинисті Пернебек Салкинұлы Бекбауов бар.
Пернебек Салкинұлы 1984–1987 жылдары Шымкент қалалық №17 кәсіптік-техникалық училищесінде «автомобиль кранының жүргізушісі» мамандығын меңгеріп, техникалық білімін нығайтты. Жас кезінен техникаға қызығушылығы жоғары болған ол сол бағытты кәсіби жол ретінде таңдады. Білім алған жылдары қалыптасқан еңбекқорлық пен тәртіпке берік болу қасиеттері болашақта оның басты артықшылығына айналды.
Еңбек жолын 1990–1992 жылдары Шымкент облыстық аграрлы-өнеркәсіптік құрылыс бірлестігінде бастап, 3-дәрежелі слесарь және 4-дәрежелі автокран жүргізушісі қызметтерін атқарды. Бұл алғашқы қадам оның еңбекке деген көзқарасын қалыптастырып, жауапты техникалық жұмыстарды сенімді атқаруға үйретті.
1999–2002 жылдары Пернебек Салкинұлы «Шымкент-тепло» акционерлік қоғамында жылу желілерін жөндеу бойынша слесарь, қазандық жабдықтары бойынша кезекші слесарь және қазандық қарауылы болып еңбек етті. Осы кезеңнен бастап ол жылу энергетикасы саласындағы терең білім мен тәжірибені жинақтап, инженерлік жүйелердің жұмысын жете түсіне бастады.
2002–2003 жылдары «Энергоцентр-3» кәсіпорнында кезекші слесарь, ал 2003–2004 жылдары «Жылуэнергоорталық» ЖШС-де 4-дәрежелі қазандық машинисті қызметін атқарды. Әрбір атқарған міндеті — кәсіби өсу баспалдағы. 2004–2019 жылдар аралығында ол «3-Энергоорталық» АҚ-ның К-24 қазандық бөлімінде ұзақ жыл қызмет етіп, тұрақтылығымен, сенімділігімен және техникалық сауаттылығымен ерекше көзге түсті.
2019 жылдан бастап «Қуатжылуорталық-3» МКК құрамында К-24 қазандығының 4-дәрежелі машинисті ретінде жұмыс істеп келеді. Қыстың қақаған аязында, өндірістік нысандарда тәуліктеп еңбек ету — нағыз батылдық пен табандылықты талап етеді. Қазандықтың үздіксіз жұмысы – мыңдаған отбасының үйіндегі жылудың тұрақты болуына тікелей әсер етеді. Осы жауапты істі Пернебек Салкинұлы адалдықпен, үлкен жауапкершілікпен атқарып келеді.
Әріптестері оны сабырлы, қайсар мінезді, ісіне шын берілген маман ретінде жоғары бағалайды. Ол көп сөйлемейді, бірақ істеген ісі нәтижелі. Өз тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп, әрқашан көмектесуге дайын. Мұндай қасиет кез келген ұжымда жоғары құрметке лайық.
Пернебек ағамыз үшін еңбек — тек табыс көзі емес, қоғамға пайда әкелу, адамдарға жылу сыйлау және ел дамуына үлес қосу. Оның маңдай тері — қаланың әр үйін жылумен қамтамасыз етуге бағытталған игілікті жұмыс.
Осындай еңбек адамдарының арқасында қала өмірі бір қалыпты, тұрғындар үйлерінде жайлы өмір сүруде. Пернебек Салкинұлы Бекбауов — қарапайым еңбек арқылы абырой биігін бағындырған, ұжымына тірек, қоғамға қызмет етіп жүрген нағыз еңбек адамы.

