Еңбекпен ерендiк келедi

Еңбекпен ерендiк келедi

Қоғамның дамуы мен халықтың әл-ауқаты – қарапайым еңбек адамдарының тынымсыз қызметінің нәтижесі. Солардың бірі – өз ісіне адалдығымен, табандылығымен ерекшеленетін еңбек адамы Маканов Қуаныш Әлібекұлы. Ол қандай жұмысты қолға алса да, жауапкершілікпен және тиянақтылықпен орындауды басты қағидасына айналдырған.

Қуаныш Әлібекұлы 1990 жылдың 28 қазанында Түркістан облысы, Сарыағаш ауданына қарасты Тегісшіл ауылдық округінің Таскескен ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке бейім, алға ұмтылғыш және жаңашыл болып өсті. 1997 жылы С.Торайғыров атындағы мектеп табалдырығын аттап, алғашқы білімін осы ауылда алды. Бала күнінен техника мен электрлік құрылғыларға ерекше қызығушылық танытқан ол мектеп қабырғасында-ақ өзінің болашақ мамандығын таңдаған еді.

2006 жылы Қуаныш Әлібекұлы Шымкент коммуникация колледжіне түсіп, «электромеханик» мамандығы бойынша білім алды. Колледж оқытушылары оның талаптылығы мен ынтасын жоғары бағалап, болашағынан зор үміт күтті. Жоғары жауапкершілігі мен еңбекқорлығы оны білікті техник маманы ретінде қалыптастырды.

Еңбек жолын 2010 жылы «Smart Oil» бұрғылау компаниясында бастаған Қуаныш Әлібекұлы мұнай-газ саласының қыр-сырына қанығып, алты жыл бойы осы салада үздіксіз еңбек етті. Жұмысындағы тәртіп пен техникалық дағдылары оны ұжым ішінде сенімді қызметкерге айналдырды.

2017 жылы ол «Шымкент цемент» өндірісіне ауысып, өндірістік бағыттағы тәжірибесін одан әрі кеңейтті. Зауыттағы қауіпті әрі күрделі техникалық жұмыстарды мүлтіксіз атқарып, кәсіби шеберлігін шыңдады.

2019 жылы «Мастер-Строй» ЖШС-де слесарь-монтажник қызметін атқарды. Бұл қызмет оған құрылыс және монтаждау жұмыстарын толық меңгеруге мүмкіндік берді. Әр істі жоғары сапамен орындауына байланысты, әріптестері оны әрдайым сенім артар маман ретінде бағалады.

Бүгінде Маканов Қуаныш Әлібекұлы – Шымкент қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Су құбыры және канализация басқармасы» кәсіпорнында апатты қалпына келтіру жұмыстары учаскесінің білікті слесарі. Қаланың коммуналдық жүйесіндегі ақауларды дер кезінде қалпына келтіру – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды жұмыс. Қыстың қақаған күндерінде де, жаздың аптап ыстығында да тұрғындардың үйіне су тоқтаусыз жетуі үшін күнделікті еңбек етеді.

8 жылдық тәжірибесі бар маман қазір ұжымда ерекше сый-құрметке ие. Әріптестері оның сабырлы мінезін, техниканы жетік меңгеруін және қиындыққа мойымас табандылығын үлкен мақтанышпен айтады.

Отбасында да ол – абыройлы азамат. 2013 жылы Бәйдібек ауданының тумасы Әтенова Ақмарал Айбекқызымен отау құрып, бүгінде бес баланың асыл әкесі атанып отыр. Балаларына адалдықты, еңбексүйгіштікті және жауапкершілікті үлгі етіп келеді.

Қуаныш Әлібекұлының өмір жолы – қарапайым еңбекпен де қоғамға зор үлес қосуға болатынын дәлелдейді. Оның әр күні – елдің игілігі үшін атқарылған табанды еңбек.

Осылайша, «еңбекпен ерендiк келеді» деген сөздің шынайы көрінісін өмірімен дәлелдеп жүрген азамат — Маканов Қуаныш Әлібекұлы.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...