Жаңақорған ауданында жол бойындағы инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған маңызды нысан – заманауи қызмет көрсету кешені іске қосылды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құқық қорғау органдарының өкілдері, мәслихат төрағасы және еңбек ардагерлерімен бірге кешеннің жұмысымен танысып, оның аймақтың көлік-логистикалық әлеуетін арттырудағы рөліне тоқталды.
Жеке инвестиция есебінен салынған кешеннің құны 1 млрд теңгені құрайды. Жоба аясында 64 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Нысан құрамына қонақ үй, 60 адамға дейін жолаушыларға қызмет көрсету аймағы (автовокзал), қоғамдық тамақтану орны және жанармай құю бекеті кіреді. Бір уақытта 110 келушіге қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылған.
Жол бойындағы сервисті дамыту – өңір арқылы өтетін жүк және жолаушылар тасымалының сапасын көтеруге, жүргізушілер мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам. Аймақ басшысы кешеннің ашылуы Қызылорда облысының транзиттік әлеуетін күшейтетінін атап өтіп, қызмет көрсету сапасын үнемі жетілдіру қажеттігін айтты.
Сонымен қатар кешен аумағында демалыс аймақтары, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету мүмкіндігі және қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған инфрақұрылым бар. Бұл нысан республикалық маңызы бар трасса бойындағы сервистік қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етпек.
Жаңақорғанда пайдалануға берілген бұл кешен өңірдегі көлік-логистикалық жүйенің дамуына үлес қосып қана қоймай, жергілікті халықты жұмыспен қамтып, кәсіпкерлікті қолдауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта облыста осындай сервистік инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары жалғасады деп күтілуде.

