Қызылорда облысында теміржол вокзалдары жаңартылуда

Қызылорда облысында теміржол вокзалдары жаңартылуда

Сыр өңірінде көлік-логистика инфрақұрылымын жақсарту бағытында теміржол нысандарын жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың төрағалығымен өткен мәжілісте вокзалдарды қайта жөндеу барысы талқыланып, мердігер ұйымдарға нақты міндеттер жүктелді. Жиынға Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, сала жетекшілері, мердігер компаниялар және техникалық бақылау өкілдері қатысты.

Кездесуде теміржол вокзалдарын жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аударылды. Данияр Еренғалиұлы құрылыс материалдарының жеткілікті болуын, қауіпсіздік талаптарының сақталуын және жұмыстардың уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар вокзалдарды абаттандыру, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, стандарттарға сәйкестендіру де басты бағыт ретінде белгіленді.

Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен ел көлемінде 125 вокзалды күрделі жөндеу жоспарланған. Бұл тізімге Қызылорда облысындағы 7 вокзал және Талап бекетіндегі жолаушылар платформасы кірді. Қазіргі таңда «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы мердігерлермен келісімшарттар жасап, 30 пайыз аванс көлемінде қаражат аударып, құрылыс жұмыстарын бастады.

Аймақтағы магистральді теміржол желісінің ұзындығы 1051 шақырымды құрайды. Облыс аумағында ұлттық компанияға қарасты 8 теміржол вокзалы мен 2 қызмет көрсету пункті бар. Бұл нысандар жолаушылар мен жүк тасымалы үшін маңызды стратегиялық объектілер саналады.

Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін вокзалдардың қызмет көрсету сапасы артып, жолаушылардың жүру жайлылығы жақсарады деп күтілуде. Сонымен бірге өңірдің көлік-логистикалық әлеуеті нығайып, транзиттік мүмкіндіктері кеңеймек.

Теміржол инфрақұрылымын жаңарту барысы облыс әкімдігі мен жауапты органдардың тұрақты бақылауында.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...