Металлды меңгерген шебердің еңбегі – жылу жүйесінің сенімді тірегі

Металлды меңгерген шебердің еңбегі – жылу жүйесінің сенімді тірегі

Кейбір адамдардың қолынан от ұшқындаса да, ісі үйлесіп, нәтижесі көрініп тұрады. Дәл сол сияқты дәнекерлеушілердің еңбегі – көпшілікке байқала бермейтін, бірақ аса маңызды жұмыс. Сол мамандықтың шынайы шеберлерінің бірі – Ахмадиев Салават Наильевич, Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалына қарасты «Қуатжылуорталық-3» МКК №4 аудандық бөлімшесінде еңбек ететін 5-дәрежелі электрогазбен дәнекерлеуші.

Салават Наильевич 1980–1983 жылдары СПТУ-136 оқу орнында электрогазбен дәнекерлеуші мамандығын меңгерді. Жастайынан темір мен техниканың сырын білуге қызығып, осы саланы таңдады. Ол үшін дәнекерлеу – жай ғана жұмыс емес, өз ісіне деген сүйіспеншіліктің көрінісі.

Еңбек жолы қарапайым цехтан басталды. 1987–1988 жылдары Шымкент мақтап-мата комбинатында слесарь болып еңбек етті. Кейін сылақшы ретінде жұмыс істей жүріп, құрылыс саласының талаптары мен жауапкершілігін сезінді. 1988–1989 жылдары «Средазстроймонтаж» мекемесінде сылақшы қызметін жалғастырып, тәжірибесін кеңейтті.

1991–1998 жылдары «Южказэнерго» өндірістік жөндеу мекемесінде 5-дәрежелі электрогазбен дәнекерлеуші ретінде қызмет атқарды. Бұл кезең оның кәсіби шыңдалуына, өз ісінің нағыз маманы ретінде қалыптасуына жол ашты. Әрбір жұмысында сапаға мән беріп, металлмен жұмыс істеудің қыр-сырын жетік меңгерді.

2018 жылдан бастап «Қуатжылуорталық-3» МКК №4 аудандық бөлімшесінде қызмет етуде. Бүгінде ол – жылу жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын маман. Оның қолындағы дәнекерлеу аппараты – сенімді серігі, ал әр ұшқын – еңбектің белгісі. Күн сайын ол жылу желілеріндегі металл құбырларды жалғап, зақымданған тұстарын қалпына келтіреді. Әр тігісі – тұрғындардың үйлеріндегі жылудың үзілмеуінің кепілі.

Бұл жұмыс қауіпті, жоғары дәлдік пен жауапкершілікті талап етеді. Металлмен жұмыс істеу, жоғары температура, қысымдағы жүйелер – кез келген сәтте қатер төндіруі мүмкін. Соған қарамастан, Салават Наильевич өз кәсібін абыроймен атқарып келеді. Ол ешқашан шағымданбайды, өз ісінен қуат алады. Металл отының жарқылына қарап, одан жылу мен күш сезінеді.

Әріптестері оны сабырлы, әділ, қолы шебер маман ретінде сипаттайды. Ұжымда беделі жоғары, қандай күрделі жағдай туындаса да, оған сенім артады. Жас мамандар үшін ол – үлгі. Өз тәжірибесін бөлісіп, үйретуден тартынбайды.

Салауатты өмір салтын ұстанатын, жұмысқа ұқыпты қарайтын бұл маман – ұжымның қадірлі азаматы. Оның әр жұмысы – жауапкершілік пен кәсібиліктің айқын көрінісі.

Салават Наильевичтің өмірі – қарапайым еңбек арқылы қоғамға қызмет етудің жарқын үлгісі. Осындай азаматтардың еңбегі арқасында қала тұрғындары үйлерінде жылуға кенеліп, жайлы өмір сүруде. Еңбегі көп көрінбесе де, нәтижесі – мыңдаған адамның үйіндегі жылулық пен жайлылық.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...