Қаланың әр үйіне жылу жеткізу – тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін аса маңызды міндет. Бұл жүйелі жұмыстың артында күнделікті еңбегімен қала өмірін жылытып жүрген қарапайым еңбек адамдары тұр. Сол жандардың бірі – Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалына қарасты «Қуатжылуорталық-3» МКК №1 аудандық бөлімшесінің апаттық-диспетчерлік қызметінде 5-дәрежелі слесарь болып еңбек ететін Бекенов Галымжан Маханович.
Галымжан Маханович – өзінің өмірін жылу энергетикасы саласына арнаған, тәжірибесі мол, жауапкершілігі жоғары маман. 1992 жылы орта мектепті аяқтағаннан кейін еңбек жолын жылу жүйелеріне қызмет көрсету бағытында бастап, осы салада тұрақтап қалды. Ол үшін бұл тек жұмыс емес, қала тұрғындарының үйінде жылу үзілмеуі үшін атқарылатын адал міндет.
2002–2003 жылдары «Энергоцентр-3» ААҚ-та 3-дәрежелі слесарь ретінде алғашқы кәсіби тәжірибесін жинақтады. Қысқа мерзімде өз ісін меңгеріп, техникалық білімін жетілдірді. 2003–2004 жылдары «Жылуэнергоорталық» ЖШС-де жұмыс істей жүріп, жылу желілерінің қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуіндегі жауапкершілікті терең түсіне бастады.
2004–2015 жылдар аралығында «3-Энергоорталық» АҚ құрамында слесарь және сорғы қондырғыларының машинисі қызметін атқарып, он жылдан астам уақыт бойы өндірістің алдыңғы шебінде еңбек етті. Бұл кезең оның кәсіби жағынан шыңдалуына, тәжірибесінің артуына үлкен ықпал етті.
2015 жылдан бастап «Қуатжылуорталық-3» МКК құрамында жұмыс істеп келеді. Алғашында 3-дәрежелі машинист ретінде еңбек жолын жалғастырған ол уақыт өте өзінің біліктілігін дәлелдеп, 5-дәрежелі слесарь лауазымына көтерілді. Бүгінде апаттық-диспетчерлік қызметтің маңызды тұлғаларының бірі саналады.
Қыстың аязды күндері жылу жүйелерінде ақау орын алса, бірінші болып көмекке келетіні – дәл осы бригада. Түн ортасы, демалыс немесе мереке күндері болса да, олар үшін басты міндет – қала тұрғындарының жылусыз қалмауы. Галымжан Маханович пен әріптестерінің еңбегі көбіне көзге көрінбейді, бірақ олардың атқарған ісі қала өмірінің ырғақты жүруіне тікелей әсер етеді.
Әріптестері оны сабырлы мінезі, ұстамдылығы және тиянақтылығы үшін ерекше құрметтейді. Ол дауыс көтермей-ақ, өз ойын дәл жеткізетін, жұмыстағы қиындықтарды байсалды түрде шешетін жан ретінде танылады. Оның еңбегінің сапасы мен жауапкершілігі жас мамандарға үлгі.
Слесарь мамандығы көпшілікке қарапайым көрінгенімен, шын мәнінде жоғары техникалық білімді, шыдамдылық пен шеберлікті талап етеді. Жылу жүйелерінің қауіпсіздігі мен үздіксіз жұмыс істеуі – дәл осындай мамандардың кәсібилігінің нәтижесі.
Галымжан Махановичтің еңбек жолы – табандылықтың, қарапайымдықтың және адал қызметтің жарқын көрінісі. Осындай еңбек адамдарының арқасында қаламызда жылу бар, жарық бар, тұрғындар өз үйлерінде жайлы өмір сүре алады.

