Шымкент кәсіпорындарында цифрландыру қарқыны артып келеді

Шымкент кәсіпорындарында цифрландыру қарқыны артып келеді

Шымкент қаласында өнеркәсіп секторын цифрландыру және технологиялық жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар басталды. Бұл шаралар еліміздегі кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өндірістік процестерді заманауи талаптарға сай жетілдіруді мақсат етеді. Осы тұрғыда «QazIndusty» «Қазақстан индустрия және экспорт орталығы» АҚ өкілдері Шымкентке арнайы іссапармен келіп, бірқатар кәсіпорындарда цифрлық технологияларды енгізу мүмкіндіктерін зерделеді.

Жұмыс сапары барысында мамандар «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Ontustik kagaz» ЖШС мен «Бал Текстиль» ЖШС кәсіпорындарына барып, өндіріс барысымен танысты. Бұл кәсіпорындар өңірдегі ірі өндіріс ошақтарының бірі болып табылады, сондықтан цифрлық жаңғырту олардың тиімділігіне тікелей әсер етеді. Кездесу барысында жасанды интеллект шешімдерін енгізу, өндіріс үдерістерін автоматтандыру, роботтандыру және басқару жүйелерін жаңарту мәселелері талқыланды.

«QazIndusty» АҚ цифрлық трансформациялау дирекциясының бас сарапшысы Айнұр Ахтанованың айтуынша, биыл кәсіпорындарды технологиялық дамыту бағытында арнайы Жол картасы әзірленіп, іске асырылып жатыр. Оның айтуынша, өңірге келудің негізгі мақсаты – өндіріс орындарына цифрлық қолдау көрсету, семинарлар мен консультациялар өткізу, кәсіпорындардың нақты қажеттіліктерін анықтап, тиімді шешімдер ұсыну.

Шымкент қаласындағы «Бал Текстиль» ЖШС цифрлық кәсіпорын жобасына енгізілген кәсіпорындардың бірі ретінде ерекше назарда. Бұл өндіріс ошағы заманауи қондырғылармен жабдықталғанымен, жасанды интеллект элементтерін енгізу арқылы өнім сапасын бақылау, өндірістік желілердің жұмысын оңтайландыру және шығындарды азайту мүмкіндігі арта түседі. Сарапшылар өндірісті аралау қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп, бағалау жүргізілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ жиналған мәліметтер кәсіпорындардың цифрлық даму деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта «QazIndusty» өкілдерінің «Оңтүстік» индустриалды аймағындағы «Shymkent Temir» ЖШС және «AQUA ROSSA» ЖШС кәсіпорындарына баруы жоспарланған. Бұл сапарлар барысында өндірістік және басқару процестері, қолданылып жүрген техникалық жабдықтар, бағдарламалық жүйелер жан-жақты талданатын болады. Сарапшылар кәсіпорындардың даму стратегияларын қалыптастыруға көмектесіп, цифрлық технологияларды енгізу бойынша ұсыныстар береді.

Шымкент – еліміздің үшінші мегаполисі әрі индустриялық орталығы. Мұнда жүздеген өнеркәсіп кәсіпорындары жұмыс істейді. Сондықтан цифрландыру бастамалары қаланың экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Цифрлық шешімдер енгізу өндіріс өнімділігін арттыруға, еңбек қауіпсіздігін күшейтуге, ресурс шығынын азайтуға және экспорттық әлеуетті көтеруге ықпал етеді. Жасанды интеллект арқылы қателерді автоматты анықтау, жабдықтардың жұмысын бақылау және өндірістік процестерді басқару жүйелерін жетілдіру кәсіпорындардың тиімділігін айтарлықтай арттыра алады.

«QazIndusty» орталығы Astana Hub технопаркымен бірлесе отырып, кәсіпорындарға цифрлық жобаларды таңдауға, IT-компаниялармен жұмыс істеуге және инновациялық технологияларды енгізуге қолдау көрсетуді жалғастырмақ. Сарапшылардың пікірінше, цифрлық жаңғыру Шымкенттегі кәсіпорындардың жаңа даму кезеңіне жол ашады.

Осылайша, өңірде басталған жұмыстың нәтижесі өндірістің жаңаруына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және қаланың индустриалдық әлеуетінің артуына ықпал ететіні күмәнсіз. Цифрландыру – болашақ өндірістің негізгі бағыты, ал Шымкент бұл жолда алдыңғы қатарда болуға ниетті.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...