Шымкентте «Үздік әлеуметтік әріптес» марапаты табысталды

Шымкентте «Үздік әлеуметтік әріптес» марапаты табысталды

Еңбек адамын қолдау, әлеуметтік әділдік пен өндірістік ынтымақтастықты дамыту – кәсіподақ қозғалысының негізгі бағыттарының бірі. Қызметкерлердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету және еңбек қауіпсіздігін күшейту жолында жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың тиімді әріптестігі аса маңызды рөл атқарады.

Осындай жүйелі жұмыстың үлгісі ретінде «ТТК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Пирназаров Мейрхан Мейтханович Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің атынан «Үздік әлеуметтік әріптес» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапат – еңбек ұжымымен жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясаттың, жауапкершіліктің және қызметкерлерге деген құрметтің жоғары деңгейде екенін айғақтайды.

Салтанатты марапаттау рәсімін «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, «Ынтымақ» салалық кәсіподағының төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев өткізді. Ол марапатты табыстау барысында әлеуметтік әріптестіктің еңбек саласындағы тұрақтылық пен даму үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«ТТК» компаниясы мен кәсіподақ ұйымы арасындағы тиімді серіктестік жылдар бойы нақты нәтижелермен дәлелденіп келеді. Компанияда қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірістік мәдениетті арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ұжымдық келісімшарт талаптары орындалып, қызметкерлердің құқықтары қорғалып отыр.

Мейрхан Мейтханович басқаратын кәсіпорында ұжыммен өзара түсіністік пен сенім қалыптасқан. Бұл – әлеуметтік әріптестік қағидаттарының дұрыс жолға қойылғанының көрсеткіші. Кәсіпорын қызметкерлерінің игілігіне бағытталған бастамалар еңбек өнімділігінің артуына және жұмыс процесінің тиімді ұйымдастырылуына ықпал етуде.

Марапаттау барысында Бауыржан Алтеев:
«Әлеуметтік әріптестік – тұрақтылықтың негізі. Кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің өзара түсіністігі мен серіктестігі – өндірістің дамуы мен қызметкерлердің әл-ауқатының кепілі», – деп атап өтті.

«ТТК» компаниясының еңбек ұжымы мен кәсіподақ ұйымының үйлесімді жұмысы – Шымкент өңіріндегі әлеуметтік серіктестік мәдениетінің дамуына қосылған маңызды үлес. Бұл бастама ел экономикасының нығаюына және еңбек адамдарының мәртебесінің артуына ықпал етуде.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ